Погода

+12
°
C
H: +16°
L: +9°
Алматы
Понедельник, 30 Май
Прогноз на неделю
Вс Вт Ср Чт Пт Сб
+13° +20° +23° +21° +22° +23°
+11° +12° +13° +13° +11° +13°

Алматыда білім беру мен денсаулық сақтау саласындағы жүйелі мәселелер сарапқа салынды

Алматыда жекеменшік білім беру мен денсаулық сақтау ұйымдарының тұрақты жұмыс істеуіне кедергі келтіретін өзекті мәселелер мен оларды шешу тетіктері талқыланды. «Атамекен» Өңірлік кәсіпкерлер палатасы жанындағы Білім беру және денсаулық сақтау салалық қоғамдық кеңесінің төрағасы Эльмира Әуезова аталған сектордағы негізгі тосқауылдарды және уәкілетті мемлекеттік органдармен атқарылып жатқан сараптамалық жұмыстарды сарапқа салды.
23.10.2026
Алматыда білім беру мен денсаулық сақтау саласындағы жүйелі мәселелер сарапқа салынды
2024 жылы құрылған Салалық кеңес құрамына білім беру саласының 13 және денсаулық сақтау секторының 8 өкілі, жалпы 21 маман енген. Кәсіпкерлер, прокуратура, мемлекеттік органдар мен Қоғамдық кеңесті біріктіретін бұл алаңның басты міндеті – проблемаларды жай ғана көтеру емес, олардың заңды әрі жүйелі шешімін табу.
 
Эльмира Әуезованың сөзінше, бүгінде екі саладағы жеке бизнестің дамуына өзара байланысты үш негізгі фактор кедергі келтіруде:
 
Қаржыландырудың тапшылығы мен мемлекеттік тапсырыс тарифтерінің жетілдірілмеуі;
 
Білікті кадрлардың тапшылығы;
 
Шамадан тыс реттеушілік талаптар мен әкімшілік кедергілер.
 
Білім беру секторындағы ең күрделі мәселенің бірі – жекеменшік мектептерге тиесілі мемлекеттік қаржының кешігуі. Деректерге сүйенсек, Алматыдағы 25 жекеменшік мектеп 2025 жылға арналған А2 компоненті бойынша шығындарды өтеу құқығын толық растаған. Оларға қатысты бөлшектелген берешек көлемі 1 млрд 318 млн 60 мың 587 теңгені құрайды.
 
Жергілікті атқарушы органдар тарапынан тиісті төлемдер әлі күнге дейін жүргізілмегендіктен, бұл жағдай мектептерге ауыр қаржылық жүк болып отыр. Палата тарапынан прокуратура мен әкімдікке арнайы өтініштер жолданғанымен, мәселе әлі де бақылауда.
 
Сондай-ақ, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап барлық балабақшаларға енгізілетін міндетті лицензиялау талабы да қызу талқылануда. Бизнес қоғамдастық қауіпсіздік пен сапа стандарттарын арттыруды қолдайды, бірақ балабақшалардың жаппай жабылуына соқтырмайтын, орындалуы шынайы критерийлердің болуын сұрайды.
 
Оң нәтижелердің бірі – «Атамекен» Палатасының араласуымен Алматы колледждерінде «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» мамандығы бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысы орындарының көбейтілуі болды. Бұл жекеменшік балабақшалардағы кадр тапшылығын реттеуге тікелей ықпал етеді.
 
Денсаулық сақтау саласындағы маңызды жеңістердің бірі – медициналық лицензиялардың қолданылу мерзімін 5 жылға дейін ұзарту туралы бастаманың Ведомствоаралық комиссия тарапынан кері қайтарылып, қайта пысықтауға жіберілуі болды.
Дегенмен, Денсаулық сақтау министрлігінің ТМККК және МӘМС жүйелері аясында қызмет көрсететін медициналық ұйымдарды міндетті аккредиттеуден өткізу ұсынысы медициналық қоғамдастықты алаңдатып отыр. Сарапшылар бұл қадам клиникаларға қосымша қаржылық жүктеме түсіріп, медициналық көмектің қолжетімділігін төмендетуі мүмкін деп есептейді. Өйткені лицензиялау, ішкі және сыртқы сараптама, клиникалық аудит сияқты сапаны бақылау тетіктері онсыз да қолданыста бар.
 
Салалық кеңес мүшелері нормативтік құқықтық актілердің жобаларына белсене сараптама жүргізеді. 2026 жылы білім беру саласы бойынша 242 НҚА жобасы қаралып, оның 23-і бойынша республикалық деңгейге ұсыныстар енгізілді.
«Салалық кеңес жұмысының тиімділігі тек өткізілген отырыстармен өлшенбейді. Ең бастысы – нақты бұзушылықтарды жою, қаржыландырудың уақтылы аударылуын қамтамасыз ету және бизнес үшін түсінікті де тұрақты жұмыс жағдайын қалыптастыру. Себебі бұл шешімдердің артында халықтың сапалы білім алуы мен медициналық көмекке қол жеткізу мүмкіндігі тұр», – деп түйіндеді Эльмира Әуезова.
 
Олжас Әбдіхалық