Курсы валют
Погода
+12
°
C
H: +16°
L: +9°
Алматы
Понедельник, 30 Май
Прогноз на неделю
| Вс | Вт | Ср | Чт | Пт | Сб |
| +13° | +20° | +23° | +21° | +22° | +23° |
| +11° | +12° | +13° | +13° | +11° | +13° |
Назира Тоғызбаева: «Наурызбай ауданында жайлы орта қалыптастыру – басты міндетіміз»
Алматының Наурызбай ауданында биыл жолдарды жөндеу, жаңа көшелер салу, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру және инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағытында бірқатар жоба жүзеге асырылып жатыр. Ақжар шағынауданында жоспарланған 45,3 шақырым жолдың 36 шақырымына асфальт төселсе, «Қалқаман» метро бекетінің құрылыс дайындығы 99 пайызға жеткен. Сонымен қатар ауданда жаңа мектептер мен балабақшалар ашылып, медициналық нысандардың құрылысы жүргізілуде. Наурызбай ауданының әкімі Назира Тоғызбаева сұхбатында ауданның бүгінгі дамуы, атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы айтып берді.
09.10.2026
Назира Тоғызбаева: «Наурызбай ауданында жайлы орта қалыптастыру – басты міндетіміз»
– Назира Асылбекқызы, соңғы уақытта Наурызбай ауданында көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстары қарқын алғанын байқаймыз. Биыл бұл бағытта қандай жобалар жүзеге асырылып жатыр?
– Басты мақсатымыз – ауданның экологиялық ахуалын жақсартып, тұрғындарға қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру. Биыл Алматы қаласы Экология және қоршаған орта басқармасының тапсырысы бойынша аудан аумағында 723 ағаш отырғызылды. Сонымен қатар гүлзарлар мен саябақтарды ретке келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Мәселен, Қалқаман шағынауданында 19 мың қызыл және 7,2 мың сары көпіршікті бұта егіліп, 985,5 шаршы метр аумақта сәндік гүлзарлар жасалды. Тағы 125 шаршы метр жерге раушан гүлдері отырғызылды.
Абай және Алатау даңғылдарының, сондай-ақ Қонаев, Рысқұлов, Әшімов және Шаляпин көшелерінің бойына 768 тік көгалдандыру элементі орнатылып, оларға петуния мен пеларгония гүлдері егілді. Бұдан бөлек, Абай даңғылы бойындағы бес жерүсті жаяу жүргіншілер өткелін көгалдандыру жобасы аясында 17,5 мың гүл отырғызу көзделген.
Шұғыла шағынауданындағы «Алматының гүлді жұмағы» скверін абаттандыру да маңызды жобалардың бірі. Жалпы аумағы 0,87 гектарды құрайтын кеңістікте 5 мың шаршы метр тротуар жабыны төселіп, 11 металл пергола орнатылды. Жасыл желекті күтіп-ұстау үшін автоматтандырылған суару жүйесі монтаждалып, 200 ірі ағаш отырғызылды. Сонымен қатар аумақты жарықтандыру үшін 70 тірек орнатылды.
– Аудан тұрғындарының ұсынысымен жүзеге асатын «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасының нәтижелері қандай? Аулалар мен қоғамдық кеңістіктерді жаңарту жұмыстары қалай жүріп жатыр?
– Бұл бағдарлама тұрғындардың өздері өмір сүретін ортаны жақсартуға тікелей қатысуына мүмкіндік береді. 2026 жылы Наурызбай ауданында қоғамдық кеңістіктерді, аулаларды абаттандыруға және инфрақұрылымды жөндеуге бағытталған 35 жоба жоспарланған.
Қазір бірқатар жоба жүзеге асырылды. Мысалы, Еңбек көшесінде 2 мың шаршы метр аумаққа асфальт төселіп, 300 шаршы метр тротуар салынды. Сонымен қатар 400 шаршы метр жер көгалдандырылып, 20 ірі катальпа ағашы отырғызылды. Қалқаман шағынауданында жол жабыны кеңейтіліп, тротуарлар салынды және ұзындығы 558 метр арық желісі жүргізілді.
Биыл аудан бойынша тағы 11 аула жаңартылып жатыр. Жұмыстар «Нұрлы Дала» тұрғын үй кешені мен Қалқаман шағынауданындағы аулаларды қамтиды. Өткен жылы халық тығыз орналасқан «Алма Сити» тұрғын үй кешеніндегі 33 аула абаттандырылған болатын. Биылғы жобалардың негізгі мақсаты – балалар мен ересектерге арналған қауіпсіз, жайлы әрі қолжетімді қоғамдық кеңістіктер қалыптастыру. Жұмыстарды қазан айының соңына дейін аяқтау жоспарланған.
– «Таза Қазақстан» акциясы аясында ауданда қандай жұмыстар атқарылды? Тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыру үшін не істеліп жатыр?
– «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында ауданымызда 40 сенбілік ұйымдастырылды. Оларға 11 мыңнан астам адам қатысып, нәтижесінде 5,2 мың текше метр қоқыс шығарылды. Сенбіліктер барысында ағаш отырғызу, стихиялық қоқыс орындарын жою және қоғамдық кеңістіктерді ретке келтіру жұмыстары жүргізілді.
Ауданның тазалығын сақтау тек сенбілік өткізумен шектелмейді. Бұл – тұрғындардың күнделікті өмір салтына айналуы керек ортақ жауапкершілік. Сондықтан біз тазалық шараларымен қатар, стихиялық қоқыс орындарының қайта пайда болуының алдын алуға да көңіл бөлеміз.
– Ауданның көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында қандай өзгерістер бар? Жол жөндеу және жаңа көшелер салу жұмыстарының барысы қалай?
– Биыл ауданның көлік инфрақұрылымын жақсарту бағытында бірнеше жоба жүзеге асырылып жатыр. Жалпы ұзындығы 10,4 шақырым болатын 11 көшеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар жыл басынан бері көше-жол желісін ағымдағы жөндеу аясында 25 мың шаршы метр жол жабыны жөнделді. Бұдан бөлек, 195 жаңбыр қабылдағыш ауыстырылып, Әшімов және Үшқоңыр көшелерінде жалпы ауданы 2 мың шаршы метр техникалық тротуарлар салынды.
Ақжар шағынауданында жаңа жолдар салу жұмыстары жалғасып жатыр. Жоспарланған 45,3 шақырым жолдың 36 шақырымына асфальт төселді. Қазіргі таңда жобаның орындалу деңгейі 80 пайызды құрайды. Құрылысты желтоқсан айында аяқтау жоспарланған.
Тағы бір маңызды жоба – Төле би көшесін Әшімов көшесінен қала шекарасына дейін ұзарту. Жобаның жалпы ұзындығы 2,3 шақырым. Қазіргі уақытта құрылыс дайындығы 70 пайызға жетіп, 1,9 шақырым жолға асфальт төселді. Жұмыстарды 2026 жылдың қарашасында аяқтау көзделген.
Сондай-ақ Жұбанов көшесін Момышұлы көшесінен Алатау даңғылына дейін ұзарту жобасы іске асырылып жатыр. Ұзындығы 1,2 шақырым болатын жолдың құрылыс дайындығы 68 пайызды құрайды. Қазір инженерлік желілерді қайта құру және жол конструкциясын орнату жұмыстары жүргізілуде. Жобаны 2027 жылдың желтоқсанында аяқтау жоспарланған.
– Аудан тұрғындары үшін маңызды жобалардың бірі – «Қалқаман» метро бекетінің құрылысы. Қазіргі жағдайы қандай?
– «Қалқаман» метро бекетінің құрылысы аяқталуға жақын. Қазіргі уақытта нысанның құрылыс дайындығы 99 пайызды құрайды. Станцияда соңғы құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр. Нысанды жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Бұл – аудан тұрғындары үшін қоғамдық көліктің жаңа әрі жылдам түріне қолжетімділікті арттыратын маңызды жоба. Метро іске қосылғаннан кейін тұрғындардың қала орталығына және Алматының басқа аудандарына қатынауы жеңілдейді.
Алдағы уақытта метро желісін «Барлық» базары бағытына қарай жалғастыру жоспарланып отыр. Бұл бағытта тағы үш станция салу көзделген. Мұндай жобалар ауданның көлік байланысын жақсартып, жолдарға түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.
Біздің басты міндетіміз – аудан тұрғындарына қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру. Бұл үшін жолдар мен инженерлік желілерді жаңғыртып қана қоймай, жасыл аймақтарды көбейтіп, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру, әлеуметтік нысандардың қолжетімділігін арттыру қажет.
Әрбір жоба тұрғындардың күнделікті өміріне нақты пайда әкелуі керек. Жолдардың сапасы, жарықтандыру, ауыз су, қоғамдық көлік, мектептер мен медициналық ұйымдар – бәрі де ауданның тұрақты дамуының маңызды бөлігі. Осы бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасады.
Сұхбаттасқан Олжас Әбдіхалық
← Назад

