Курсы валют
Погода
+12
°
C
H: +16°
L: +9°
Алматы
Понедельник, 30 Май
Прогноз на неделю
| Вс | Вт | Ср | Чт | Пт | Сб |
| +13° | +20° | +23° | +21° | +22° | +23° |
| +11° | +12° | +13° | +13° | +11° | +13° |
Алматы тұрғындары қаланы дамыту жобаларын өздері ұсына алады
Алматыда 12 қазаннан бастап «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында тұрғындардың ұсыныстары қабылданады. Қала тұрғындары 1 қарашаға дейін аулаларды абаттандыру, қоғамдық кеңістіктерді көркейту және инфрақұрылымды жақсарту бойынша өз жобаларын ұсына алады. Іріктеу мен дауыс беру қорытындысы бойынша қолдау тапқан бастамаларды аудан әкімдіктері 2027 жылы жүзеге асыруды жоспарлап отыр.
09.10.2026
Алматы тұрғындары қаланы дамыту жобаларын өздері ұсына алады
«Халық қатысатын бюджет» – тұрғындардың қалалық ортаны дамытуға тікелей қатысуына мүмкіндік беретін тетік. Ол «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының негізгі қағидаттарының бірі – азаматтардың ұсыныстарын ескеру және жергілікті мәселелерді қоғаммен бірлесіп шешу ұстанымымен үндеседі.
Жоба аясында алматылықтар өз аудандарындағы өзекті мәселелерді көтеріп қана қоймай, оларды шешуге бағытталған нақты бастамаларды ұсына алады. Кейін тұрғындардың өздері дауыс беру арқылы ең қажетті жобаларды таңдауға қатысады.
Қандай жобаларды ұсынуға болады?
Өтінімдер 2026 жылғы 12 қазан мен 1 қараша аралығында budget.open-almaty.kz порталы арқылы электронды форматта қабылданады.
Тұрғындар көгалдандыру, тротуарлар, пандустар мен арықтарды салу және жөндеу, саябақтар мен скверлерді абаттандыру, жаяу жүргіншілер аймақтарын көркейту, қалалық инфрақұрылым нысандарын жөндеу, заңсыз қоқыс орындарын жою, орындықтар, қоқыс жәшіктері мен күркелер орнату, балалар және спорт алаңдарын салу немесе жаңарту бойынша ұсыныс бере алады.
Өтінімде жобаның атауы мен сипаттамасы, оны іске асыру жоспарланған мекенжай көрсетіліп, эскизі мен алдын ала сметасы қоса берілуі керек. Бұл кезеңде толық жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу талап етілмейді. Бір жобаның құны 324,3 миллион теңгеден аспауы тиіс.
Ұсынылған бастама жалпыға ортақ пайдалануға арналған, ауданның қажеттілігіне сай және аудан әкімдігінің құзыретіне кіретін жоба болуы қажет. Жеке коммерциялық сипаттағы ұсыныстар қабылданбайды.
Жобалар қалай іріктеледі?
Өтінім қабылдау аяқталғаннан кейін жобалық ұсыныстарды аудандық сараптамалық кеңестер қарайды. Бағалау кезінде бастаманың өзектілігі, оны жүзеге асыру мүмкіндігі, белгіленген бағыттарға сәйкестігі және бұрын іске асырылған жобаларды қайталамауы ескеріледі.
Сараптама нәтижесінде өтінімге үш мәртебенің бірі беріледі: «Дауыс беруге жіберілді», «Пысықтауға жіберілді» немесе «Қабылданбады». Пысықтауға жіберілген жобалардың авторлары ұсыныстарына өзгерістер енгізіп, қайта қарауға ұсына алады.
Келесі кезеңде тұрғындар іріктеуден өткен жобаларға budget.open-almaty.kz порталы арқылы дауыс береді. Дауыс беру қорытындысы бойынша қолдау тапқан және қарастырылған қаржыландыру көлеміне сәйкес келетін бастамалар анықталады. Оларды аудан әкімдіктері 2027 жылы жүзеге асыруды жоспарлап отыр.
Тұрғындар қайда жүгіне алады?
Жобаға қатысу тәртібі мен өтінім беру бойынша қосымша ақпаратты Алматы қаласының аудан әкімдіктерінен немесе «Open Almaty» қоғамдық қабылдау бөлмесінен алуға болады.
Байланыс телефоны: 224-39-29, ішкі нөмірі – 203.
Қаланың дамуына қатысты шешімдерге қатысу – тұрғындардың өз ортасын жақсартуға қосатын нақты үлесі. Сондықтан алматылықтар үшін бұл жоба өз ауданының мәселесін көтеріп қана қоймай, оны шешуге бағытталған бастаманы ұсынуға мүмкіндік береді.
Олжас Әбдіхалық
← Назад

