Погода

+12
°
C
H: +16°
L: +9°
Алматы
Понедельник, 30 Май
Прогноз на неделю
Вс Вт Ср Чт Пт Сб
+13° +20° +23° +21° +22° +23°
+11° +12° +13° +13° +11° +13°

«Әділет» партиясы Алматыда чемпиондардың қатысуымен бұқаралық жаттығу ұйымдастырды   

Алматыда белсенді жастар, студенттер, блогерлер мен спортқа жаңадан аяқ басушылар таңды ашық аспан астындағы бұқаралық жаттығумен қарсы алды. Салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған спорттық шараны «Әділет» партиясының қалалық филиалы мен партияның жастар қанаты бірлесе ұйымдастырды. Ауқымды акцияға қалалық білім басқармасы мен Полиция департаменті сияқты бейінді құрылымдар да ресми түрде қолдау көрсетті. Шаршы алаң мен спорт ареналарында топ жарған саңлақтардың қатысуымен өткен шара мыңдаған қала тұрғынының басын қосты.
09.10.2026
«Әділет» партиясы Алматыда чемпиондардың қатысуымен бұқаралық жаттығу ұйымдастырды   
Чемпиондармен бір сапта
Бастаманың басты мақсаты – дене шынықтыру мен спортты әрбір жастың күнделікті әрі ажырамас әдетіне айналдыру, бос уақытты денсаулыққа пайдалы өткізуге бағыттау. Осы орайда жастарды жігерлендіру үшін танымал спортшылар мен қоғам қайраткерлері арнайы келді.
 
Қатысушыларға IBO нұсқасы бойынша бокстан әлем чемпионы Жаңқош Тұраров, Nomad Fighting аралас жекпе-жек лигасының президенті Мұхамеджан Қонысбеков, BARYS спорт қауымдастығының негізін қалаушы Диас Абдулякимов және қалалық күрес федерациясының вице-президенті Данияр Охапов қолдау білдірді.
 
Ал бұқаралық жаттығуды кәсіби бокс бапкері Алишер Ертай мен ММА спортшысы Жұман Жұмабеков жүргізді. Олардың жетекшілігімен мыңдаған жас бір уақытта дене шынықтыру жаттығуларын жасап, сергектік серпінін сезінді.
 
«Спорт – тек мықты физикалық форма ғана емес, сонымен қатар қатаң тәртіп. Ол мақсатқа жетуге, өзіңді жеңуге және нәтижеге жүйелі түрде жұмыс істеуге үйретеді. Бүгін жастар чемпиондармен және жетістікке жеткен адамдармен бірге жаттығу жасады. Осындай нақты мысал ерекше ынта беретініне сенімдіміз», – деп атап өтті «Әділет» партиясы Алмалы аудандық филиалының төрағасы Айдар Күнтубай.
 
Қауіпсіздік пен жауапкершілік диалогы
Спорттық бөлімнен соң шараның танымдық әрі тәрбиелік кезеңі басталды. Бағдарламаның ерекше сәті ретінде полиция кинологтарының қызметтік иттермен көрсеткен арнайы дағдылары жиналғандардың зор қызығушылығын тудырды.
 
Жаттығу аяқталғаннан кейін құқық қорғау органдары мен білім беру саласының өкілдері жастармен ашық диалог құрды. Ұзақ әрі шаршаңқы дәрістердің орнына қысқа, нақты әрі ұғынықты форматы таңдалды. Мамандар құқықтық жауапкершілік, қалалық қауіпсіздік және зиянды әдеттерден арылудың маңызы туралы ой бөлісті.
 
Бірлескен таңғы жаттығу түрлі мамандық иелері мен әр жастағы қала тұрғындарын ортақ мақсат төңірегінде тоғыстырды. Шара мегаполис жастары арасында салауатты өмір салтына деген сұраныс пен қызығушылықтың өте жоғары екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
 
 
 
Олжас Әбдіхалық