Погода

+12
°
C
H: +16°
L: +9°
Алматы
Понедельник, 30 Май
Прогноз на неделю
Вс Вт Ср Чт Пт Сб
+13° +20° +23° +21° +22° +23°
+11° +12° +13° +13° +11° +13°

Еркебұлан Оразалин: «Біздің басты мақсатымыз – тұрғындарға жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру»    

Медеу ауданында қауіпсіздікті қамтамасыз ету, су ресурстарын үнемдеу, инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту және қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру бағытында кешенді жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Аудан әкімі Еркебұлан Оразалин баспасөз жиынында тау бөктеріндегі төтенше жағдайлардың алдын алудан бастап, шағын аудандарды ауыз сумен қамтамасыз етуге дейінгі негізгі жобалардың барысын таныстырды.
02.10.2026
Еркебұлан Оразалин: «Біздің басты мақсатымыз – тұрғындарға жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру»    
Төтенше жағдайдың алдын алу – басты міндет
Таулы аумақта орналасқан аудан үшін табиғи қауіп-қатерлердің алдын алу – кезек күттірмейтін өзекті мәселе. 2024 жылдан бастап Медеу ауданында ықтимал қауіпті жерлердің саны 87-ге дейін жеткен. Осыған байланысты негізгі ұстаным – төтенше жағдай орын алғанша күтпей, алдын ала кешенді инженерлік шараларды жүзеге асыру.
 
«Аудан аумағында көшкін қаупі бар 48 жер анықталды. Олардың әрқайсысы бойынша уәкілетті мемлекеттік органдармен, сараптамалық ұйымдармен бірлесіп істелетін қажетті жұмыс пысықталды. Аудан әкімдігі тарапынан 12 жерде жұмыс басталды, оның 4-еуінде әлі жұмыс істеп жатыр», – деді Еркебұлан Оразалин.
 
Сонымен қатар 8 учаскеде жеке меншік иелері сараптамалық қорытындыларға сәйкес өз бетінше жұмысқа кіріскен. Ландшафт ерекшелігіне қарай беткейлер мен тіректерді нығайту, топырақты тұрақтандыру сияқты күрделі шешімдер қолданылуда. Бүгінгі таңда 18 учаскеде көшкінге қарсы кешенді іс-шаралар толық аяқталса, қалған 30 учаске тұрақты бақылауда тұр.
 
Суару жүйесіне жаңа тәсіл: Ауыз суды үнемдеу
Ауданда жасыл желектерді күтіп-ұстау және көгалдандыру бағытында заманауи экологиялық шешімдер енгізіле бастады. Негізгі жаңашылдық – автоматты суару жүйесін орталықтандырылған ауыз су желісінен ажыратып, суды тікелей өзендерден алу.
 
«Мұндай тәсіл біртіндеп суару үшін ауыз суды пайдалануды қысқартып, «Алматы Су» желісіне түсетін қосымша жүктемені азайтуға сеп болады. Бұл әсіресе су тұтыну көлемі едәуір артатын жаз мезгілінде өте өзекті болып тұр», – деп атап өтті аудан басшысы.
 
Басты мақсат – қоғамдық кеңістіктерді суару жүйесі тұрғын үйлерді сумен қамтамасыз ету параметріне әсер етпеуі тиіс. Биыл бұл тәсіл ауданның 14 көшесіндегі 7,1 гектар аумаққа, сондай-ақ Шығыс айналма автомобиль жолының бойындағы 16 гектар жасыл аймаққа енгізілуде.
 
Қоғамдық кеңістіктердің бірегей келбеті
Медеу ауданында жаңа қоғамдық кеңістіктерді жобалау кезінде стандартты абаттандыру элементтерінен бас тартып, әр аумаққа өзіндік тұжырымдама беру тәсілі қолға алынды. Міндет – жай ғана аумақты жаңартпай, халық жиналатын тартымды орта қалыптастыру.
 
Соның бірі – Оқушылар сарайының маңындағы кеңістікті жаңарту жобасы. Бұл аумақтың негізгі арқауы – ғарыш тақырыбы. Аумақта планеталар бейнеленген арт-нысандар мен балалар мен отбасыларға арналған танымдық-демалыс элементтері пайда болады. Тағы бір ірі жоба – Әл-Фараби даңғылындағы шолу алаңы. Мұнда серуендеу бағыттары мен демалыс орындары бар толыққанды қоғамдық кеңістік құрылады.
 
Сонымен қатар «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында жалпы құны 2 млрд теңгені құрайтын 30 жоба қолға алынып, оның 22-сі толық аяқталды. Нәтижесінде 6 аула, 8 қоғамдық аумақ абаттандырылып, 16 автоматты суару жүйесі орнатылды.
 
Инженерлік инфрақұрылымның сапасы артады
Ауданның шеткері әрі тарихи тұрғыдан инфрақұрылымы болмаған аумақтарын орталықтандырылған коммуникациямен қамтамасыз ету – басты басымдықтардың бірі. Қазіргі уақытта жалпы ұзындығы 240 шақырымды құрайтын сумен жабдықтау және су бұру желілерін салу мен реконструкциялау жұмыстары жүріп жатыр.
 
«Ауданда қазір ұзындығы шамамен 240 шақырым болатын сумен жабдықтау мен су бұру желісін салу мен реконструкциялау жұмысы жүргізіліп жатыр. Мұнда шамамен 170 шақырым инженерлік желі салынады. Олар 18 мыңға жуық тұрғынды қамтығалы отыр», – деді Еркебұлан Оразалин.
 
Ауқымды жобалар «Горный Гигант», «Малая Станица», «Атырау» және «Каменское плато» шағын аудандарында жүзеге асуда. Бұдан бөлек, Энергетика және сумен жабдықтау басқармасы тарапынан «Думан», «Бутаковка», «Кимасар», «Шымбұлақ» және «Ақсартау» шағын аудандарында 64 шақырым желі тартылып, 36 мыңнан астам тұрғын сапалы сумен қамтамасыз етілмек.
 
Жалпы алғанда, бұл жобалар Медеу ауданының инфрақұрылымдық қаңқасын жаңартып, тұрғындарға қауіпсіз әрі жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға берік негіз болмақ.
 
 
 
Олжас Әбдіхалық