Погода

+12
°
C
H: +16°
L: +9°
Алматы
Понедельник, 30 Май
Прогноз на неделю
Вс Вт Ср Чт Пт Сб
+13° +20° +23° +21° +22° +23°
+11° +12° +13° +13° +11° +13°

Алматының 2040 жылға дейінгі келбеті айқындала түспек

Алматының алдағы жылдардағы даму бағыты айқындала түспек. Қала мәслихатының кезектен тыс сессиясында шаһардың 2040 жылға дейінгі Бас жоспарына түзетулер енгізу жобасы қаралды. Құжат бұған дейін кешенді қала құрылысы сараптамасынан өтіп, оң қорытынды алған. Сессия барысында Алматы әкімінің орынбасары Бейбіт Шаханов Бас жоспарға ұсынылып отырған негізгі өзгерістерді таныстырды. Жаңарған құжат ең алдымен қаланың көлік жүйесін жетілдіруге, тұрғындар үшін әлеуметтік нысандардың қолжетімділігін арттыруға және өнеркәсіптік аумақтарды кезең-кезеңімен қайта ұйымдастыруға басымдық береді.  
02.10.2026
Алматының 2040 жылға дейінгі келбеті айқындала түспек
Қаланың көлік қаңқасы жаңарады
 
 
 
Алматы үшін көлік мәселесі қашанда маңызды. Халық санының өсуі мен қаланың аумақтық кеңеюі қоғамдық көлікке түсетін салмақты арттырып отырғаны белгілі. Осыған байланысты жаңа жоспар аудандар мен полиорталықтардың өзара байланысын күшейтіп, қоғамдық көліктің қолжетімділігін арттыруды көздейді.
 
Бас жоспардағы маңызды бағыттардың бірі – метро, LRT және SkyTrain жүйелерін біртұтас магистральдық көлік қаңқасына біріктіру.
 
«Метро, LRT және SkyTrain Қаскелең, Талғар және Құлжа бағыттарының келешегін ескере отырып, біртұтас магистральдық көлік қаңқасына біріктіріледі. Жоспарлау кезінде іргелес аумақтар мен Алатау қаласының бүкіл агломерация ауқымындағы дамуы да ескеріледі», – деді Бейбіт Шаханов.
 
Жоспар бойынша айналма желілерді, көлік ауыстыру хабтарын және SkyTrain секілді заманауи жүйелерді дамыту жолаушылар ағынын тиімді қайта бөлуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде жүктемесі жоғары бағыттардағы қысымды азайтып, қала ішіндегі қозғалысты жеңілдетуге жол ашпақ.
 
Мұндай өзгерістердің түпкі мақсаты – тұрғындардың жеке автокөлікке тәуелділігін азайтып, қоғамдық көлікті қаланың негізгі қозғалыс жүйесіне айналдыру. Сонымен бірге көлік инфрақұрылымының экологиялық тиімділігін арттыру да назардан тыс қалмайды.
 
 
 
Өнеркәсіптік аумақтардың тағдыры қалай шешілмек?
 
 
 
Алматының келбетін өзгертетін тағы бір маңызды мәселе – қала аумағында орналасқан өнеркәсіп орындарын кезең-кезеңімен көшіру.
 
Бас жоспарға сәйкес, 2040 жылға дейін 276 өнеркәсіп кәсіпорнын көшіру жоспарланған. Қазір қаланың солтүстік, орталық және батыс бөліктерінде тарихи тұрғыда қалыптасқан бірқатар өндірістік нысан бар. Олардың кейбірі қоршаған ортаға кері әсер ететін аумақтар ретінде қарастырылып отыр.
 
Өнеркәсіп орындарын кезең-кезеңімен көшіру арқылы қаладағы жер ресурстарын тиімді пайдалану, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру және экологиялық жағдайды жақсарту көзделеді. Босаған аумақтардың алдағы тағдыры қаланың жалпы даму логикасымен сабақтас болуы тиіс.
 
 
 
Тұрғын үй салынса, мектеп те қатар салынуы керек
 
 
 
Жаңа Бас жоспардағы тағы бір маңызды қағида – тұрғын үй құрылысы әлеуметтік инфрақұрылымнан бөлек қаралмауы керек.
 
Бұл ретте мектептер мен балабақшалар, медициналық және спорт нысандары, қоғамдық кеңістіктер мен инженерлік желілер тұрғын үймен қатар дамытылуға тиіс.
 
«Бас жоспарда тұрғын аудандарды әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету деңгейін ескере отырып кешенді дамытуға басымдық берілген. Жаңа аудандарды жоспарлау кезінде тұрғын үй құрылысы мектептер, балабақшалар, медициналық және спорт нысандары, қоғамдық кеңістіктер мен инженерлік инфрақұрылымды дамытумен қатар жүруге тиіс», – деді Бейбіт Шаханов.
 
Бұл тәсіл әсіресе халық тығыз орналасқан және әлеуметтік нысандар жетіспейтін аудандар үшін маңызды. Өйткені тұрғын үй саны артқанымен, оның маңында мектеп, балабақша, емхана немесе демалыс орны жеткіліксіз болса, жаңа шағынаудан тұрғындарға толыққанды жайлы орта ұсына алмайды.
 
Сондықтан Бас жоспардағы басты ұстанымдардың бірі – қаланы біркелкі әрі теңгерімді дамыту. Яғни тұрғын үй құрылысы инфрақұрылымның мүмкіндігінен озып кетпеуі керек.
 
Болашақ Алматы қандай болады?
 
2040 жылға дейінгі Бас жоспарға ұсынылып отырған түзетулер – қаланың бүгінгі мәселелерін шешумен қатар, оның ертеңгі келбетін қалыптастыруға бағытталған.
 
Көлік жүйесі жаңарып, қоғамдық көліктің мүмкіндігі кеңейсе, өнеркәсіптік аумақтар біртіндеп қайта ұйымдастырылып, жаңа тұрғын аудандар әлеуметтік нысандармен қатар дамыса, Алматының урбанистік бейнесі де өзгере түспек.
 
Бас жоспардың түпкі мақсаты – тек жаңа ғимараттар мен жолдар салу емес, тұрғындарға жайлы өмір сүруге мүмкіндік беретін тұтас қалалық ортаны қалыптастыру. Қауіпсіздік, экология, қолжетімді көлік, әлеуметтік инфрақұрылым және қоғамдық кеңістіктер бір жүйеге тоғысуы тиіс.
 
Осылайша, Алматының 2040 жылға дейінгі даму жоспары мегаполистің аумақтық тұрғыдан ғана емес, өмір сүру сапасы жағынан да жаңа белеске көтерілуіне негіз болмақ. Ең бастысы – болашақ Алматыда қала дамуының өзегінде ғимараттар емес, адам мен оның жайлы өмір сүруіне қажетті орта тұруы көзделіп отыр.
 
 
 
Олжас Әбдіхалық