Курсы валют
Погода
| Вс | Вт | Ср | Чт | Пт | Сб |
| +13° | +20° | +23° | +21° | +22° | +23° |
| +11° | +12° | +13° | +13° | +11° | +13° |
Алматыда мүмкіндіктер орталығы ашылды
– Бауыржан Әбдіқадырұлы, ең алдымен жаңа ашылған Ерте араласу орталығы жайлы айтып берсеңіз. Бұл орталықтың басты ерекшелігі неде?
– Ерте араласу орталығы – біздің қалада алғаш рет ашылып отырған ерекше жоба. Оның негізгі мақсаты – қиын жағдайға тап болған адамдарды, соның ішінде мүгедектігі бар балаларды, мүмкіндігінше ерте кезеңде анықтап, оларға жеке даму жоспары бойынша қолдау көрсету. Орталықта қазір екі мыңға жуық қызмет түрі ұсынылады. Біз халықаралық стандарттарға сәйкес әр адамға жеке көмек бағдарламасын жасаймыз. Бұл – бір реттік емес, үздіксіз және кешенді қолдау.
– Орталық қызметін кімдер пайдалана алады?
– Біз негізінен үш топқа басымдық береміз: мүгедектігі бар адамдар, әлеуметтік осал топтар және олардың отбасылары. Мысалы, қазірдің өзінде Отбасыны қолдау орталығы арқылы 418 адам көмек алды. Бұл орталық тек материалдық қолдаумен шектелмейді, психологиялық, әлеуметтік және құқықтық тұрғыда да жан-жақты сүйемелдеу көрсетеді.
– Мүгедектігі бар балалардың әлеуметтік интеграциясы туралы да айтып өтсеңіз.
– Иә, бұл – біздің ерекше мақтан ететін жобамыздың бірі. Мүгедектігі бар балаларға арналған әлеуметтік интеграция орталығы ашылды. Мұнда арт-терапия, музыка, театр және би терапиясы, сондай-ақ фото және видеоға түсіруді үйрететін арнайы бағдарламалар бар. Жоба жылына шамамен 240 баланы қамтиды. Біз үшін бастысы – балалардың шығармашылық әлеуетін ашу және оларды қоғам өміріне барынша толық қатыстыру.
– Еңбек нарығында мүгедектігі бар адамдардың жағдайы қандай?
– Қазіргі статистика бойынша Алматыда 59 329 мүгедектігі бар адам тұрады. Оның 28 876-сы еңбекке жарамды жаста. Солардың ішінде ресми түрде 9 638 адам жұмыс істейді, бұл – 33,4 пайыз. Біз бұл көрсеткішті арттыру үшін субсидияланатын жұмыс орындарын ұсынып, жұмыс берушілермен белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Мақсатымыз – әр адамның қабілетіне сай жұмыс табуына мүмкіндік беру.
– Бұл жобаларға қандай көлемде қаржы бөлінеді?
– Жыл сайын мүгедектігі бар адамдарға арналған әлеуметтік жобаларды іске асыруға шамамен 3,1 млрд теңге қарастырылады. Бұл қаражат медицина, әлеуметтік қолдау, жұмыспен қамту және қайта даярлау сияқты бірнеше бағытқа бөлінеді. Біз қаржыны тек қысқа мерзімді көмекке ғана емес, ұзақ мерзімді нәтижеге жетелейтін бағдарламаларға бағыттаймыз.
– Сіздің ойыңызша, бұл бастамалар қала өміріне қалай әсер етеді?
– Ең бастысы – әлеуметтік тұрақтылық пен тең мүмкіндік. Қала тұрғындарының бір бөлігі шетте қалып қоймауы керек. Кешенді шаралар арқылы біз тек бір реттік көмекпен шектелмей, адамдардың өмір сапасын түбегейлі жақсартуды көздейміз. Әрбір азамат өзін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінуі тиіс.
– Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан Олжас Әбдіхалық

