Погода

+12
°
C
H: +16°
L: +
Алматы
Понедельник, 30 Май
Прогноз на неделю
Вс Вт Ср Чт Пт Сб
+13° +20° +23° +21° +22° +23°
+11° +12° +13° +13° +11° +13°

Инклюзивті қала – бәрімізге ортақ кеңістік

Алматы – еліміздегі ең ірі мегаполис. Мұнда 2 миллионға жуық адам тұрады. Бірақ сол адамдардың бәрі қала кеңістігін бірдей пайдалана ала ма? Бұл сұрақ, әсіресе инклюзия мәселесіне келгенде ерекше өзектілікке ие.
08.08.2025
Инклюзивті қала – бәрімізге ортақ кеңістік

Соңғы жылдары Алматы қаласында инклюзивті инфрақұрылымды дамыту бағытында нақты қадамдар жасалып жатыр. Қаланың қоғамдық орындары, көше, көлік, білім беру мекемелері, медициналық орталықтар – бәрі біртіндеп мүгедектігі бар азаматтарға бейімделіп, қала баршаға қолжетімді бола түсуде.

Бұл өзгерістер жай ғана есеп үшін емес, нақты бақылау мен қоғамдық үнге жауап ретінде жүзеге асуда. Алматы Қоғамдық кеңесі бұл бағыттағы жұмыстарды тұрақты бақылап, мемлекеттік органдармен және азаматтық қоғам өкілдерімен бірлесе отырып, жүйелі әрекеттерге көшіп отыр.

Алматы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Богдан Джепка – әлеуметтік саясатқа тікелей қатысы бар бірқатар жобалардың бастамашысы және бақылаушысы. Оның айтуынша, кеңес жұмыспен қамту туралы заң жобасына сараптама жасап, инклюзияға қатысты көптеген бастамаларды ілгерілеткен.

«Біз Алматы қалалық Жұмыспен қамту басқармасымен бірлесіп, мүгедектігі бар балаларға арналған инватакси бағдарламасын іске қостық. 450 жүргізуші оларды көлікке отырғызып-түсіруді үйренді. Қазір шағым азайғанымен, оқытуды жалғастырып жатырмыз», – деді Богдан Джепка.

Бұл — жай ғана логистика мәселесі емес, бұл – ерекше қажеттіліктері бар балалардың қоғамға толық араласуына жасалған маңызды қадам. Олардың балабақшаға, мектепке, үйірмелерге қауіпсіз әрі жайлы жетуі – ата-аналар үшін де, балалардың дамуы үшін де аса маңызды.

Инклюзия мәселесі тек инфрақұрылыммен шектелмейді. Мүгедектікті ерте анықтау және алдын алу — саланың маңызды бағыты. Бұл ретте Қоғамдық кеңес перзентханалар мен емханаларда мониторинг жүргізіп, диагностика жүйесін жақсартуға атсалысқан.

«Ерте анықтау – уақытылы емдеуге және отбасылық қолдауды күшейтуге жол ашады. Біз бала өмірінің алғашқы айларынан бастап қолдау көрсету тетіктерін қарастырып жатырмыз», – дейді Джепка.

Бұл мониторингтің нәтижесінде медициналық мекемелерде бала дамуындағы ауытқушылықтарды ерте байқап, қажетті орталықтарға жолдау жүйесі жетілдіріліп жатыр. Бұл — болашақтағы толыққанды әлеуметтену мен өзін-өзі қамтамасыз ету мүмкіндігін арттырады.

Бүгінде Алматы қаласындағы Қоғамдық кеңес мүгедектігі бар жандардың күнделікті өмірін жеңілдетуге бағытталған бірқатар бақылау және сараптамалық жұмыстар жүргізіп отыр. Атап айтқанда:

  • Қоғамдық көліктің бейімделуі (төмен платформалар, дыбыстық хабарламалар);
  • Жаяу жүргіншілер жолы мен бағдаршамдарға орнатылған пандустар мен дыбыстық жүйелер;
  • Мекемелердің қолжетімділігі мен навигация жүйесі;
  • Білім беру мекемелеріндегі инклюзивті орта.

«Қоғамдық кеңес қалалық инфрақұрылымды бейімдеу, қоғамдық көлік пен мекемелерді қолжетімді ету мәселесін тұрақты бақылауда ұстап отыр. Біз тұрғындармен кері байланыс орнатып, әр ұсыныс пен шағымға назар аударуға тырысамыз», – дейді Богдан Джепка.

Алматыда инклюзия ұғымы соңғы жылдары тек ресми құжаттар мен баяндамаларда емес, шынайы өмірде жүзеге аса бастағаны байқалады. Жаңа ғимараттар мен көшелер жобалану кезінде пандус, тактильді жолақ, дыбыстық белгілер міндетті түрде ескеріледі.

Кейбір мәдени нысандар мен кітапханаларда ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған кеңістіктер, арнайы ақпарат құралдары мен аудио/видео материалдар қарастырылып жатыр.

Инклюзия – бұл тек мүгедектігі бар жандарға емес, қарттарға, жас аналарға, балалы отбасыларға, уақытша жарақат алған кез келген адамға қажет орта. Сондықтан Алматының инклюзивтілігі — бұл бәріміз үшін жасалып жатқан ортақ игілік.

Қоғамдық кеңес мүшелерінің айтуынша, алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыс одан әрі тереңдетіліп, жаңа технологиялар мен цифрлық шешімдер арқылы жетілдіріледі. Сонымен қатар, қала тұрғындары мен мемлекеттік органдар арасындағы диалогты күшейту, азаматтық белсенділікті арттыру – негізгі басымдықтардың бірі болып қала береді.

«Қоғамдық кеңес – тек бақылаушы емес, шешім қабылдауға ықпал ететін, қалалықтардың үнін билікке жеткізетін алаң. Біз инклюзивтілік, қолжетімділік, тең мүмкіндіктер сияқты маңызды мәселелерді күн тәртібінен түсірмейміз», – деді жиын соңында Богдан Джепка.

Алматы — әр азамат өзін қауіпсіз, тең және қажет сезінетін қала болуға ұмтылуда. Бұл – сөзден іске көшкен қаланың сипаты. Инклюзия — адамгершілік пен өркениеттіліктің өлшемі десек, Алматы осы жолда нақты қадам жасап келе жатыр. Ал бұл жолда қоғам мен биліктің өзара сенімі мен бірлескен әрекеті аса маңызды.

 

Олжас Әбдіхалық