Погода

+12
°
C
H: +16°
L: +
Алматы
Понедельник, 30 Май
Прогноз на неделю
Вс Вт Ср Чт Пт Сб
+13° +20° +23° +21° +22° +23°
+11° +12° +13° +13° +11° +13°

Алматыдағы комьюнити-орталықтар – жастарға арналған жаңа кеңістік

Алматы қаласы жастарға арналған инфрақұрылымды күшейтіп, олардың өзін-өзі дамытуы, жұмысқа орналасуы және бос уақытын тиімді өткізуі үшін жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр. Студенттік жатақханалар құрылысы мен қолдауынан бөлек, енді жас жеткіншектерге арналған комьюнити-орталықтар салуға баса назар аударылуда.
08.08.2025
Алматыдағы комьюнити-орталықтар – жастарға арналған жаңа кеңістік

Жақында өткен тексеріс қорытындысына қарағанда, бұл орталықтар жастарды қолдайтын және дамытатын маңызды алаңға айналған. «Комьюнити-орталықтар – жастар үшін нақты қолдау көрсететін, шығармашылыққа жол ашатын және еркін орта қалыптастыратын кеңістікке айналды», – деді Қоғамдық кеңес мүшесі әрі бақылау тобының жетекшісі Рустам Қайыриев.

Биыл 20 маусым мен 5 шілде аралығында Қоғамдық кеңестің №5 комиссиясы қоғамдық даму, мәдениет, спорт, дін және жастар саласындағы инфрақұрылым жұмыстарына жан-жақты мониторинг жүргізді. Кеңес мүшелері мен жастар ұйымдарының өкілдері қаланың барлық ауданындағы 9 орталыққа барып, олардың тиімділігін зерттеді.

«Біздің мақсатымыз – бұл орталықтардың жастарға шынайы пайдасын тексеру. Олар жұмысқа орналасу, өзін-өзі дамыту және әлеуметтік байланыстар құру үшін қаншалықты қолжетімді екенін бағаладық», – деді Рустам Қайыриев.

Қалалық Жастар саясаты басқармасы қолдау көрсететін бұл орталықтар жастарға тегін курстар, кәсіби кеңес, шығармашылық алаң, коворкингтер, медиа аймақтар ұсынады. Әр орталық 10:00-ден 23:00-ге дейін жұмыс істейді, Wi-Fi, принтерлер, дыбыс жазу студиялары және асүй жабдықтарымен қамтамасыз етілген.

Жыл басынан бері комьюнити-орталықтар 375 мыңнан астам жас алматылықты қамтып, 1500-ден астам іс-шара өткізген. Оның ішінде дәрістер, тренингтер, турнирлер, экологиялық акциялар, шығармашылық кештер бар.

«NEET санатындағы жастарға ерекше назар аудардық. Тіркелген 27 мың жастың 2307-сі оқудан өтті, 1854-і жұмысқа орналасты, шамамен 600-і тағылымдамадан өтіп жатыр. 8000-нан астам жас түрлі кеңес алып, олардың 2278-і психологтармен жеке жұмыс істеді», – деп мәлімдеді Рустам Қайыриев.

Сонымен қатар, орталықтар Jasalmaty.kz, JobFair365, SkillBridge сияқты цифрлық платформаларға қосылып, жастардың жұмыс іздеуі мен онлайн оқуын жеңілдетуде. «Activity Boom» белсенділік картасы бойынша 972 адам тіркеліп, жинаған ұпайларын сыйлыққа айырбастап жүр.

Комьюнити-орталықтарда қазақ, ағылшын, кәріс, итальян тілдері, IT, графикалық дизайн, мобилография, анимация, сөйлеу шеберлігі, қаржы сауаты сияқты тегін курстар жұмыс істейді. Сондай-ақ, кітап клубтары, TikTok мектебі, кино көрсетілімдер, акустикалық кештер ұйымдастырылады.

«Әр орталық өзінің бренд-жобасын жүзеге асырады. Мысалы, "Мен жас кезімде", "Тілдер паркі", "Job Teambuilding", "Есірткі жарнамасының орнына мурал" сияқты бастамалар жастар арасында жоғары сұранысқа ие», – деп қосты Қоғамдық кеңес мүшесі Думан Қапасов.

Комьюнити-орталықтар экологиялық жобаларды да белсенді қолдайды. «Эко-рейнджерлер» қозғалысы мен «Таза Қазақстан» акциясы аясында 40 мыңнан астам ағаш егілді, фандоматтар орнатылып, бірнеше қоғамдық кеңістікті жастар қамқорлыққа алған.

«Бұл бастамалар жастардың тек өз дамуына ғана емес, қала экологиясына да үлес қосуына мүмкіндік беріп отыр», – деді Рустам Қайыриев.

Мониторинг барысында кейбір мәселелер де анықталды. Атап айтқанда, инклюзивті инфрақұрылымды жетілдіру (пандустар, қоңырау батырмалары, санитарлық тораптар) қажет екені айтылды. Сонымен қатар, орталықтарды университеттермен, мектептермен, медициналық мекемелермен байланысты күшейту, медиа мен әлеуметтік желілер арқылы кең насихаттау ұсынылды.

«Мониторинг көрсеткендей, бұл орталықтар – жастар үшін таптырмас алаң. Олар жұмысқа орналасуға, жаңа дағдыларды игеруге, ортақ қызығушылықтары бар адамдарды табуға және идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Жыл соңына дейін тағы бірнеше орталық ашуды жоспарлап отырмыз», – деді Қоғамдық кеңес мүшесі Марлен Рысбеков.

Қазіргі таңда әр ауданда кемінде екі орталық жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта әр ауданнан үш орталық ашу ұсынысы да қаралуда. Комьюнити-орталықтар Алматыдағы жастар саясатының жаңа бет-бейнесіне айналып, креативті әрі жан-жақты дамыған ұрпақ қалыптастыруға бағытталған.

 

Олжас Әбдіхалық