Погода

+12
°
C
H: +16°
L: +
Алматы
Понедельник, 30 Май
Прогноз на неделю
Вс Вт Ср Чт Пт Сб
+13° +20° +23° +21° +22° +23°
+11° +12° +13° +13° +11° +13°

Алматыдағы балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицидке қарсы кешенді профилактикалық шаралар қалай жүргізіліп жатыр?

Балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицид мәселесі – қоғам үшін аса өзекті әрі күрделі тақырып. Жастардың психологиялық саулығы мен өмірлік бағытын қалыптастыруда мемлекет пен қоғамның рөлі зор. Осы тұрғыда Алматыда жүйелі түрде жүзеге асып жатқан кешенді шаралар – бұл бағыттағы маңызды қадамдар.
08.08.2025
Алматыдағы балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицидке қарсы кешенді профилактикалық шаралар қалай жүргізіліп жатыр?

Жуырда Алматыда өтіп жатқан «Түнгі қаладағы балалар» республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы – соның нақты дәлелі. Іс-шара 27–29 шілде аралығында өтті. Оның мақсаты – жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, қараусыз жүрген балаларды анықтау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Алматы қалалық Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Айтан Елеусізов түсіндіргендей, бұл рейд тек тәртіп бұзғандарды жазалау емес, ең алдымен психологиялық және әлеуметтік тұрғыдан қолдау көрсетудің бір тетігі.

«Ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жасөспірімдермен жеке-жеке әңгімелестік. Бұл шара – балалардың құқығын қорғап, оларды қараусыз қалдырмау үшін жасалып жатқан жүйелі жұмыстың бір бөлігі», – деді Айтан Елеусізов.

Жасөспірімдердің түнгі уақытта бақылаусыз жүруі – түрлі қауіптің, оның ішінде суицидке итермелеуі мүмкін жағдайлардың алғышарты. Статистика бойынша, үйде жеткілікті назар көрмеген, қолдаусыз қалған балалар көбіне психологиялық күйзеліске ұшырайды. Сол себепті мұндай алдын алу рейдтері – тек тәртіп мәселесі ғана емес, баланың өмірін сақтап қалудың бір амалы.

Рейдтің алғашқы күні-ақ:

  • Сағат 23:00-ден кейін ата-анасыз жүрген 137 бала анықталған;
  • 163 жасөспіріммән-жайды анықтау үшін полиция бөлімшесіне жеткізілген;
  • 10 бала профилактикалық есепкеалынған;
  • 9 жағдайда жасөспірімдер ішімдік ішкенітіркелген;
  • 6 ойын-сауық мекемесізаң бұзғаны үшін жауапқа тартылды.

«Біз заң бұзған ойын-сауық орындарын тіркеуге алып, әр істі қарап, жауапкершілікке тарту бойынша жұмыстар жүргізіп жатырмыз», – дейді Айтан Елеусізов.

Іс-шара аясында оқу орындарында, жастар орталықтарында және әлеуметтік желілерде түсіндіру жұмыстары басталды. Бұл жұмыстарда мамандар ата-аналар мен жасөспірімдерге заңды, қауіпсіздік ережелерін, сондай-ақ психологиялық көмек алу жолдарын айтып түсіндіреді.

«Түнгі қаладағы балалар» – бір реттік акция емес, – дейді полиция өкілі. Бұл – балалардың психикалық және физикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің тұрақты механизміне айналған шара. Жазғы демалыс кезеңінде мұндай рейдтерді тұрақты түрде өткізу жоспарда бар.

Сарапшылардың пікірінше, суицидтің алдын алу жұмысы тек полициямен шектеліп қалмауы керек. Бұл – психологтар, мұғалімдер, ата-аналар, әлеуметтік қызметкерлер мен жастар орталықтарының бірлесіп атқаратын ортақ ісі.

«Суицид – көбіне ішкі жан күйзелісінің көрінісі. Баланың үнсіз қалуы – көмек сұрауы болуы мүмкін. Біз бұл үнсіздікті естіп, дұрыс жауап бере білуіміз керек», – дейді жасөспірімдермен жұмыс істейтін сарапшылар.

Бүгінде Алматыда жастарға арналған комьюнити-орталықтар, психологиялық кеңес беру пункттері, ақпараттық-түсіндіру шаралары қарқынды жүргізіліп жатыр. Қалалық Жастар саясаты басқармасы мен білім беру мекемелері жасөспірімдерге арналған курстар, тренингтер, арт-терапиялар, кітап клубтары мен мотивациялық кездесулер ұйымдастыруда. Мұның барлығы – баланың өзін қажет екенін сезініп, өмірге сеніммен қарауы үшін жасалып жатқан нақты қадамдар.

Суицидтің алдын алу– бұл қоғамның әр мүшесіне ортақ жауапкершілік. Алматы қаласының тәжірибесі көрсетіп отырғандай, профилактика – бұл бір реттік шара емес, кешенді әрі тұрақты жүйе. Түнгі рейдтер, ақпараттық түсіндіру, психологтармен жұмыс, жастар орталықтарының белсенділігі – барлығы жасөспірімдердің қауіпсіздігі мен саулығы үшін атқарылуда.

«Біз балалар мен жасөспірімдерге жай ғана тыйым салып қоймай, оларды түсініп, қолдап, ертеңге деген сенімін арттырып, дұрыс жолды бірге табуға тырысып жатырмыз», – деді Айтан Елеусізов.

 

Олжас Әбдіхалық