Погода

+12
°
C
H: +16°
L: +
Алматы
Понедельник, 30 Май
Прогноз на неделю
Вс Вт Ср Чт Пт Сб
+13° +20° +23° +21° +22° +23°
+11° +12° +13° +13° +11° +13°

Қазақта қыздан туған бала немере ме, жиен бе?

Қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан туыстық ұғымдары мен дәстүрлері – ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлігі. Соңғы күндері көпшіліктің назарын аударған – белгілі әнші Жанар Айжанованың "қыздан туған бала немере ме, әлде жиен бе?" деген мәселеге қатысты пікірі қоғамда үлкен талқы туғызды. Бұл жағдай қазақи дәстүрлердің қазіргі қоғамда қалай қабылданатыны, әсіресе урбанизацияланған ортада – Алматы сияқты алып қалада ұлттық құндылықтардың қандай рөл атқаратыны жөнінде кеңінен ойлануға себеп болды.
08.08.2025
Қазақта қыздан туған бала немере ме, жиен бе?

Белгілі мәдениеттанушы, алматылық сарапшы Бердалы Оспан бұл пікірталасқа қатысты былай дейді:

"Бүгінде ұлттық танымымыз трансформацияға ұшырауда. Қалалық өмір салты, мәдени жаһандану процесі дәстүрлі ұғымдарды қайта пайымдауға мәжбүр етуде. Алайда ұлттық кодымызды жоғалтпай, оның мәнін түсіндіріп отыру – рухани тәрбие мен мәдени жауапкершіліктің маңызды көрінісі."

Бердалы Оспанның айтуынша, немере мен жиен ұғымдарын қарапайым шекарамен бөліп тастау жеткіліксіз. Мәселе – қандық туыстықта ғана емес, сол баланың тәрбиеленетін ортасында, ұлттық сананың жалғасуында.

Ал әнші Жанар Айжанова қыздан туған баланың да немере екенін айтып, өзінің жеке тәжірибесіне сүйеніп түсінік берген болатын:

"Қыздан туған бала немере емес дейді. Ол қалай сонда? Қыздан туған бала да немере саналады... Тұқым негізі қыздан да тарайды, ол өзінің туған атасы мен әжесімен қатар ойнап өсуі керек."

Бұл пікірге қарсы көзқарас білдірген Мәжіліс депутаты Қазбек Иса ұлттық дәстүрдің нақты түсінігін алға тартады:

"Қазақта қыздан туған – жиен! Өйткені, оның руы басқа! Ұлдан туған – немере! Тұқым ұлдан тарайды!"

Дәстүрлі этнографиялық көзқарасты ұстанған Болат Бопайұлы да бұл ұстанымды қолдап, жиен ұғымының қазақ мәдениетіндегі даму сатысын егжей-тегжейлі сипаттады. Жиеннің жеті ұрпағына дейін атауларының бар екені – бұл ұғымның терең тамырын көрсетеді. Белгілі этнограф қыздан тараған ұрпақтың атауларын жіпке тізгендей атап берді:

  1. Қыздан туған бала – Жиен
  2. Жиеннің перзенті – Жиеншар
  3. Жиеншардың перзенті – Дегеншар
  4. Дегеншардың перзенті – Көгеншар
  5. Көгеншардың перзенті – Көбеңшар
  6. Көбеңшардың перзенті – Тебеншар
  7. Тебеншардың перзенті – Өлеңшар
  8. Сегізінші ұрпағы – Қаймана

Бүгінде Алматыда тұратын көптеген отбасыларда бұл мәселе аса өзекті емес сияқты көрінгенімен, шын мәнінде ол қазақи сана мен болмыстың сақталуына қатысты терең сұрақтарды алға тартады. Себебі Алматы – тек ірі мегаполис қана емес, мәдени трендтер қалыптастыратын рухани орта. Осы ортада ұлттық дәстүр мен заманауи көзқарасты ұштастыру – мәдениеттанушылар мен этнографтардың, өнер өкілдерінің басты миссиясы.

Бердалы Оспан бұл тақырыпқа қатысты сөзін былай түйіндеді:

“Бала қайдан туса да – өзіңнің қаның, тұяғың. Сондықтан қыздың да, ұлдың да баласы – сенің немерең. Бірақ бұл жиен ұғымының жоғалуы емес. Жиен – ерекше мәртебе. Екеуін қарсы қоймай, мәнін ұғынуымыз керек.”

Қоғамдық пікірталас – тек бір туыстық атау жөніндегі дау емес. Бұл – ұлттық болмыс пен заманауи ойдың түйісу нүктесі. Жастарға, әсіресе қалада өсіп келе жатқан ұрпаққа, рухани құндылықтардың мән-мағынасын түсіндіру – тек үлкендердің емес, тұтас қоғамның парызы.

 

Олжас Әбдіхалық