Курсы валют
Погода
| Вс | Вт | Ср | Чт | Пт | Сб |
| +13° | +20° | +23° | +21° | +22° | +23° |
| +11° | +12° | +13° | +13° | +11° | +13° |
Жылқының қазақи дұрыс атауын білесіз бе?
Бірақ соңғы жылдары әлеуметтік желілер мен кейбір блогерлердің жазбаларында, атбегілердің аузында «айғырдың бел баласы», «биенің қызы», тіпті «құлынның ұлы» сынды шалажансар тіркестер қаптап кетті. Мұндай сөздер тек тілдің емес, ұлттық танымның шұбарлануының белгісі. Осы мәселеге қатысты журналист, ауыл баласы, жылқы тісін көріп өскен Жарас Кемелжан өзінің алаңдаушылығын білдіріп, қоғамдық үндеу тастады.
«Соңғы кездері блогерлер мен атбегілер: “Пәлен айғырдың бел баласы”, “Түген айғырдың қызы” деп сөйлейтін болыпты. О заманда бұ заман қазақ жылқының құлынын “бала, ұл, қыз” демеген. Мен де ауылдың баласымын, қорамыздан жылқы, босағамыздан жүйрік үзілмеген жылқышының ұлымын. Жылқы төлін “бел баласы” дегенді естісем, керең болайын», – дейді ол.
Бұл — эмоциямен айтылған сөз емес, терең мәселенің беткі көрінісі ғана. Қазақ үшін адам мен малды теңеу — арсыздық саналған. Адамның баласын малдың ұлы немесе қызы деп атау да, керісінше, малдың төлін адамға балап сөйлеу де — тілге, дәстүрге, дінге де жат құбылыс.
Жылқы — қазақ өмірінің айнасы. Оның әр кезеңін, жасын, жынысын, түр-түсін атауда жүйелі тілдік мәдениет қалыптасқан. Жарас Кемелжанның айтуынша, бұл жүйе ғасырлар бойы қалыптасқан танымның нәтижесі, әрбір атаудың ар жағында өмірлік тәжірибе, тұрмыстық қажеттілік, рухани мағына жатыр.
Мәселен:
- Құлын– туғаннан күзге дейінгі жас;
- Жабағы– күзден бастап енесінен бөлінген құлын;
- Тай, Құнан, Дөнен, Бесті – жасына қарай жіктелетін еркек жылқы;
- Байтал, Құнажын, Дөнежін, Бие – ұрғашы жылқының даму кезеңдері.
Ал қазіргі кейбір замандастарымыз жылқының төлін «айғырдың ұлы», «бие қыз тапты» деп жатса, бұл қазақ тіліндегі нақты қалыптасқан терминдер мен ұғымдарға қарсы әрекет деуге болады. Мұндай шала сауатты тіркестер әлеуметтік желіде еркін тарап, әсіресе балалар мен жасөспірімдердің санасына еніп жатыр.
«Ұялсаңдаршы. Білмесеңдер, сұраңдар, оқыңдар. Қазаққа пайдаларың тимесе, зияндарың тимесінші!» – деп ашынып жазады Жарас Кемелжан.
Жылқы — тек көлік емес. Ол — еркіндіктің, тәуелсіздіктің символы. Ақан серінің Құлагері, Абылай ханның шолақ бел торысы, Бәйге аттар, Көкпар додасындағы тұлпарлар — барлығы қазақ рухының бір бөлшегі. Сондықтан да әр атау, әр теңеу, әр сипат ұлттық жадта нақты орнығып қалған.
Жылқының тек жасына ғана емес, түр-түсіне де бай атаулар бар:
- Құлагер– ашық көкшіл реңді жүйрік;
- Қаракөк– терең қара-көк түсті жылқы;
- Жирен– қызғылт сары рең;
- Торы, Құла, Боз, Көкала, Күрең – әрқайсысы өзінше дара.
Зерттеуші Жағда Бабалықтың дерегінесенсек, қазақ жылқының 1300-ге жуық түр-түсін ажыратып атаған! Бұл — жай ғана лексикалық байлық емес, ғасырлық тәжірибе мен халықтық биологиялық білімнің көрінісі.
Мәселе — тек мал шаруашылығына қатысты бір-екі сөздің дұрыс-бұрыстығы емес. Мәселе – ұлттық сана мен тарихи жадымыздың бұрмаланып бара жатқанында. Егер адам атауын малға таңсақ, ертең жылқының орнына көлік түрлерін де солай атау басталады. Бұл — заманға сай боламыз деп, тамырдан үзілу.
Қазір қалада өскен жастардың бір бөлігі ауыл мәдениетінен алыстап, мал атауларының нақты мағынасын білмейді. Бұл — түсінікті жағдай. Бірақ білмегенін білуге тырыспай, керісінше бұрмалап тарату – кешірілмес қателік.
«Бие емес, “мама бие”, айғыр емес, “папа айғыр” дейтін тіркестермен өскен ұрпақ қайдан ұлттық болмысты сақтайды? Бұл күлкілі ғана емес, қорқынышты нәрсе», – дейді Жарас Кемелжан.
Қазақ тіліндегі малға қатысты атаулар — ұлттық мұраның бір бөлігі. Оны бұрмалау – кітапты жыртып оқу, домбыраны темірмен шерту, шежірені теріске шығару сияқты. Тіл — халықтың жаны. Ал жылқы – қазақтың жанының символы. Екеуінің де қадірін кетіруге болмайды.ьСондықтан қазірден бастап жылқы туралы дұрыс айтуға, балаларға үйретуге, ақпарат құралдары мен блогерлерге жауапкершілікпен қарауға шақырамыз.
Кальбинур ХОШНАЗАРОВА

