Погода

+12
°
C
H: +16°
L: +
Алматы
Понедельник, 30 Май
Прогноз на неделю
Вс Вт Ср Чт Пт Сб
+13° +20° +23° +21° +22° +23°
+11° +12° +13° +13° +11° +13°

Алматыдағы жастар саясаты: жұмыссыздық азайды, мүмкіндіктер көбейді

Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Алматы қаласында бұл қағида тек сөз жүзінде емес, нақты істермен дәлелденіп келеді. Қалада жастарды қолдау бағытында жүйелі бағдарламалар жүзеге асырылып, олардың еңбек нарығына бейімделуіне, кәсіби дамуына және тұрақты жұмыспен қамтылуына жағдай жасалуда. Осыған орай Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасы басшысының орынбасары Алмаз Кеңесбай жастардың әлеуетін арттыруға бағытталған бастамалар жөнінде тілшімізге кеңінен баяндап берді.
01.08.2025
Алматыдағы жастар саясаты: жұмыссыздық азайды, мүмкіндіктер көбейді

Алматы қаласында жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі жылдан жылға төмендеп келеді. 2024 жылдың басында бұл көрсеткіш 4,6% болса, жылдың соңғы тоқсанында 4,2%-ды құрады. Бұл оң өзгеріс — қаланы 2025 жылға дейін дамыту және 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспектива бағдарламасы аясындағы жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі.

Алмаз Кеңесбайдың айтуынша, 2025 жылы да жастардың дамуы мен өзін-өзі жүзеге асыруы үшін тең мүмкіндіктер жасау жұмыстары жалғасуда. Жастарды оқыту, бағыттау және жұмысқа орналастыру бағытындағы шаралар еңбек нарығындағы тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік беріп отыр.

«Jasalmaty.kz» ақпараттық платформасы аясында іске қосылған «Jobfair365» жұмыспен қамту қызметі және «SkillBridge» тренинг жобасы арқылы бүгінде 25 мыңнан астам бірегей қолданушы тіркеліп үлгерді. Бұл платформалар жұмыс берушілер мен жұмыс іздеуші жастар арасындағы байланысты күшейтіп, нақты нәтижелерге жол ашып отыр. Нәтижесінде, 800 жас тұрақты жұмысқа орналастырылды.

Бүгінгі таңда Қазақстанның 20 өңірінен 3 мыңнан астам жұмыс беруші осы жүйеге тіркеліп, 5 мыңнан астам бос жұмыс орнын жариялады. Бұл — жастардың тек Алматы емес, басқа өңірлердегі мүмкіндіктерге де қол жеткізуіне жол ашатын ауқымды база.

Алматыда әр оқу орнында бұрын бөлек-бөлек жұмыс істеген мансап орталықтары енді бірыңғай жүйеге біріктіріліп, қалалық мансап орталығы ретінде жұмыс істеуде. Бұл — жастарға жедел әрі сапалы қызмет көрсетуге, жұмыс берушілермен, Еңбек ұтқырлығы орталығымен және басқа ұйымдармен тиімді байланыс орнатуға мүмкіндік берді. Орталық іске қосылғалы бері 5 мыңнан астам жас жүгінсе, 4 мың адам нақты жұмысқа орналасқан.

Алматыда 33 бағыт бойынша қысқа мерзімді курстар жалғасуда. Жыл басынан бері 3,2 мыңнан астам жас осы курстарда білім алып, нарыққа бейімделген мамандықтар бойынша жаңа кәсіптерді игерді. Бұл курстар «бір терезе» қағидаты арқылы ұйымдастырылып, бюрократиялық кедергілерді азайтты. Соның арқасында оқуға тіркелу де, жұмысқа тұру да оңай әрі жылдам жүзеге асуда.

2025 жылы жастар мен жұмыс берушілер арасындағы байланысты арттыру мақсатында 8 ірі мансап күні ұйымдастырылмақ. Бұл шараларға қаладағы жетекші университеттер мен жұмыс беруші компаниялар тартылады. Сонымен қатар, «Жасыл Ел» жобасы аясында жазғы кезеңде 2,1 мың жас уақытша жұмыспен қамтылмақ.

2025 жылдың қаңтарынан бері Еңбек ұтқырлығы орталығы арқылы 2,5 мың жас жұмысқа орналастырылды. Оның ішінде 416 адам тұрақты жұмысқа, ал 2,1 мың жас субсидияланған жұмыс орындарына орналасты. Жалпы, 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында (қаңтар-маусым) Алматы қаласында 9,2 мың жас жұмыспен қамтылды. Бұл — нақты жүйелі саясаттың және іске асырылған бағдарламалардың нәтижесі.

Алматы қаласында жастарды қолдау – тек стратегия немесе науқан емес, нақты көрсеткіштермен дәлелденіп отырған тұрақты даму бағыты. Оқыту, кәсіби бағдар беру, цифрлық платформа, қысқа мерзімді курстар мен еңбек ұтқырлығы орталығының жұмысы — бәрі жастардың экономикалық белсенділігі мен болашағын қалыптастыруға бағытталған.

Жастардың еңбек нарығындағы үлесі артқан сайын, қаланың әлеуметтік-экономикалық келбеті де жаңарып келеді. Бұл — Алматының жастарға жасаған инвестициясы, ал оның қайтарымы — белсенді, білімді, мақсатты ұрпақ.

                                     

Олжас Әбдіхалық