Курсы валют
Погода
| Вс | Вт | Ср | Чт | Пт | Сб |
| +13° | +20° | +23° | +21° | +22° | +23° |
| +11° | +12° | +13° | +13° | +11° | +13° |
Алматыда жасөспірімдердің психикалық саулығын қорғау — суицидтің алдын алудың басты құралы
Әсіресе, балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицид мәселесі — қоғамды алаңдататын күрделі тақырыптардың бірі. Осыған орай тілшіміз Алматыдағы Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Алтынай Түкенқызымен сұхбаттасып, атқарылып жатқан жұмыстар мен негізгі проблемалар туралы білген еді.
Алтынай Түкенқызының айтуынша, қазіргі уақытта психикалық денсаулық саласында жаңа форматтағы тәсілдерге басымдық берілуде. Бұрын тек диспансерлік есептегі науқастармен жұмыс істелсе, қазір амбулаторлық көмек кеңейіп, психологиялық көмекке зәру кез келген азамат емхана жанынан қолдау ала алады.
«Біз еліміздің барлық өңірінде психикалық денсаулық орталықтарын құрдық. Бірақ басты мақсат – бұл қызметті халыққа жақындату және профилактикалық тәсілдерді күшейту. Психикалық бұзылыстың алдын алу – бүгінгі күннің басты талабы», – дейді орталық басшысы.
Алматы қаласы бұл бағытта алдыңғы қатарда. Мегаполисте жастар денсаулығы орталықтары мен психологиялық көмек қызметтері тығыз интеграцияланып, жасөспірімдермен тікелей жұмыс істейтін психиатрлар, психотерапевтер тартылған.
Психикалық саулық баланың дүниеге келген сәтінен бастап маңызды. Жүктілік кезіндегі ананың күйзелісі мен уайымы тікелей баланың дамуына әсер етеді. Алтынай Түкенқызы бұл туралы:
«Бала сөйлеуді кеш бастады ма, тұйық мінез көрсете ме – ата-ана бұған бейжай қарамауы керек. Көбіне бұндай белгілер 5 жасқа дейін байқалады. Қазір сөйлеу қабілетінің бұзылыстары мен эмоционалдық тұрақсыздық жиілеп барады», – деп ескертеді.
Мектепке алғаш барған бала үшін бұл кезең – жаңа әлеуметтік ортаға бейімделу процесі. Бұл – эмоционалдық толқуларға, өзін жалғыз сезінуге, тіпті тұйықтыққа әкелуі мүмкін кезең. Ата-аналар мен мұғалімдер баланың ішкі күйіне үнемі назар аударуы керек.
«Бала мектептен келген соң жай ғана “қалай өтті?” деп сұрап қоймай, оның ішкі әлеміне үңілу қажет. Әр күнгі эмоцияларын тыңдау, түсіну – үлкен профилактика», – дейді маман.
Ал 13–14 жастан асқан жасөспірімдер үшін қоғамда бейімделу тіпті қиын. Бұл кезеңде оларда:
-эмоционалдық тұрақсыздық,
-алғашқы махаббат,
-әлеуметтік желіге тәуелділік,
-тыйым салынған заттарды байқап көру ниеті,
-суицид туралы ойлар пайда болуы мүмкін.
«Күні бойы смартфонға үңілген бала – бұл белгінің өзі. Ол өзін жалғыз сезінуі мүмкін. Ата-ана баласының кіммен сөйлесіп жүргенін, қандай ортада жүргенін білуге міндетті. Ашық диалог – басты қорған», – деп нақтылайды Алтынай Түкенқызы.
Суицидтің алдын алу бойынша Алматыда нақты қадамдар жасалып жатыр. Жастар денсаулығы орталықтарында суицидке бейім жасөспірімдермен жұмыс істейтін арнайы мамандар – психиатрлар, психотерапевтер бар. Бұл жобалар білім беру мекемелерімен тығыз байланыста жүзеге асырылып жатыр.
«Білім беру мекемелерімен бірлескен меморандумдар негізінде нақты көмек көрсетіледі. Бұл – баланың мектепте де, емханада да қолдаусыз қалмайтынын білдіреді. Соның нәтижесінде Алматыда суицид деңгейі төмендеп келе жатқанын байқауға болады», – дейді орталық басшысы.
Алматы – психикалық саулыққа мән беретін ірі орталықтардың бірі. Мұндағы кешенді жұмыс — жасөспірімдерді тек емдеу емес, алдын алу, қорғау, қолдау ұстанымдарына негізделген. Бұл бағыттағы ең маңызды фактор — ата-ана, мектеп және медицина қызметкерлері арасындағы байланыс.
Жасөспірімдерге жай ғана дәрігер мен ұстаз емес, тыңдай алатын, сенім сыйлайтын, жанашыр орта қажет. Осы экожүйе қалыптасқанда ғана біз суицидтің алдын алып, шынайы дені сау ұрпақ тәрбиелей аламыз.

