Погода

+12
°
C
H: +16°
L: +
Алматы
Понедельник, 30 Май
Прогноз на неделю
Вс Вт Ср Чт Пт Сб
+13° +20° +23° +21° +22° +23°
+11° +12° +13° +13° +11° +13°

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті – заманауи білім мен ұлттық тәрбиенің ұйытқысы

Білім мен ғылым – ұлт болашағының алтын діңгегі. Ал осы құндылықтардың мәйегін бойына сіңірген, саналы тәрбие мен сапалы білім беруді мақсат еткен Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті бүгінде еліміздегі ең беделді жоғары оқу орындарының біріне айналды. 80 жылдан аса тарихи жолдан өткен бұл қара шаңырақ – білімді қыздардан басталатын өркениетті ұлттың негізін қалап келе жатқан бірегей білім ордасы.
01.08.2025
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті – заманауи білім мен ұлттық тәрбиенің ұйытқысы

2024–2025 оқу жылында 1-курсқа 5 000-ға жуық студент қабылданып, университетте жалпы 12 005 студент білім алды. QyzPU-дың бес институты бойынша биыл 1 536 түлек жоғары білім туралы диплом алып, оқуын сәтті аяқтады. Олардың 421-і үздік диплом иегері атанса, 882 бітіруші студент оқуын мемлекеттік білім беру гранты негізінде тәмамдады. Бұл — білім ордасының сапалы білім беріп, талапкерлер арасында жоғары сұранысқа ие екенінің айқын дәлелі.

Университет бүгінгі таңда педагогика ғылымының көшбасшысы ретінде ғылым мен тәжірибені ұштастырған, халықаралық талаптарға жауап беретін зерттеу орталығына айналды. Мұнда ғылыми-зерттеу қызметі нақты әлеуметтік сұраныстар мен білім беру саласындағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған.

Соңғы жылдары студенттерді Lesson Study – сабақты зерттеу әдісін қолдануға үйрету арқылы нақты сыныптағы оқу мен оқушылар психологиясын зерделеуге баулу қолға алынды. Бұл – теория мен практиканы ұштастыратын, зерттеуші педагогтер даярлауға мүмкіндік беретін тиімді модель. Студенттер мектеп мұғалімдерімен әріптестік орнатып, сыныптағы нақты мәселелерге ғылыми тұрғыдан шешім ұсынуға дағдылануда.

Университет оқу бағдарламаларын үздіксіз жаңартып, еңбек нарығының талабына сай келетін бағыттарды белсенді дамытып келеді. «Қолданбалы жасанды интеллект», «Білім беру саласындағы көшбасшылық», «Білім беру саласындағы зерттеулер» сияқты бағдарламалар қазіргі білім саласындағы сұранысқа сай мамандарды даярлауға бағытталған.

Бұдан бөлек, UNESCO ұйымымен бірлесіп Маңғыстау, Атырау және Алматы облыстарындағы ауыл мектептерінде мұғалімдердің көшбасшылық әлеуетін арттыруға арналған ауқымды бағдарлама жүзеге асты. Нәтижесінде 200-ге жуық мұғалім өз мектептерінде зерттеу жүргізіп, білім сапасын арттыруға арналған тың бастамалар ұсынды. Бұл – университет ғылымының шынайы өмірмен байланыста екенін дәлелдейтін нақты қадам.

Соңғы үш жылда мемлекет тарапынан 5,9 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылып, QyzPU базасында жаңа зертханалар мен оқу кабинеттері ашылды. Атап айтқанда, Физика-математика және цифрлық технологиялар институтында PHYWE және PASCO халықаралық стандарттарға сай құралдарымен жабдықталған алты жаңа физика зертханасы жұмысын бастады. Олардың ішінде «Интерактивті сынып» зертханасы, электр және магнетизм зертханасы, оптика зертханасы, молекулалық физика және термодинамика зертханасы, мектеп физикасының пәндік зертханаларыбар. Бұл зертханалар студенттердің теориялық білімін тәжірибемен ұштастырып, ғылыми-зерттеу дағдыларын дамытуға бағытталған.

Сонымен қатар Жаратылыстану институтында биология кабинеті және химия мен география бағытындағы екі жаңа дәрісхана ашылды. Биология кабинеті – студенттердің зерттеу жұмыстарын жүргізу, тәжірибе жасау, модельдеу дағдыларын қалыптастыруға арналған. География дәрісханасы — профессор Әлім Бірмағамбетовтің, ал химия дәрісханасы — профессор Абдулла Мырзабайұлының есіміне беріліп, олардың ғылым мен білім саласындағы еңбектерін дәріптеуге бағытталған. Бұл дәрісханалар заманауи оқу құралдарымен толық жабдықталып, студенттердің терең білім алуына және кәсіби құзыреттіліктерін арттыруына мүмкіндік береді.

 Алматыда алғаш рет пәнаралық зерттеулер орталығы құрылып, физика, химия, биология салалары бойынша заманауи құралдармен жабдықталған. Қазіргі таңда университетте 19 ғылыми жоба жүзеге асуда, олар: отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу, биологиялық тыңайтқыштарды синтездеу, оқушылардың психофизиологиялық дамуы және педагогикалық стандарттарды жаңғырту сияқты қоғам үшін өзекті мәселелерді қамтиды.

Ғалымдардың ғылыми белсенділігін ынталандыру мақсатында жүктеме оңтайландырылып, ішкі гранттық қаржыландыру жүйесі тұрақты түрде жұмыс істеуде. 2024 жылы университет оқытушыларының 113 ғылыми мақаласы Scopus және Web of Science базасындағы беделді журналдарда жарияланды. Бұл – халықаралық ғылыми ортада университет беделінің артуына үлкен серпіліс.

Қыздар университеті ғылымды өндіріспен ұштастыру бағытында да бірқатар тың бастамаларды қолға алып отыр. Мысалы, қазақ тілін онлайн үйретуге арналған «Turatalk» платформасы мемлекеттік грант иеленіп, коммерцияландыру бөлімінің қолдауымен іске қосылды. Сонымен қатар «Стартап-Томирис» жобасы арқылы студенттер өз идеяларын бизнеске айналдыруға мүмкіндік алуда. Халықаралық серіктестіктің жарқын үлгісі ретінде Түркияның Нийде Халесдемир университетімен бірлескен «Tech QyzPU–Nigde Hackathon» жобасын атап өтуге болады.

QyzPU білім беру ұйымдарымен 250-ден астам серіктестік орнатқан. Жаңа 3+1 моделі аясында студенттер соңғы курста мектепте жұмыс істей жүріп, сол ортада тәжірибеге негізделген зерттеу жүргізеді. Бұл – болашақ мұғалімнің еңбекке бейімделуін арттырып, мектеп пен университет арасындағы өзара байланысты күшейтеді.

Университеттің рухани орталығы саналатын кітапхана да жаңа кейіпке енді. 1945 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан бұл кітапхана күрделі жөндеуден өтіп, халықаралық дизайнерлердің қатысуымен жаңа мазмұнмен қайта жабдықталды. Еліміздің білім саласына елеулі еңбек сіңірген, университеттің 40 жылдық түлегі Сералы Қаниевтің есімі берілген бұл рухани кеңістік – студенттер мен оқытушылар үшін шығармашылық пен білімнің ордасына айналды.

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті – білім мен тәрбие, ғылым мен тәжірибе тоғысқан, болашақ мұғалімдерді заманауи талапқа сай даярлайтын бірегей оқу орны. Болашақ педагогтердің зерттеушілік қабілетін дамытудан бастап, ауыл мұғалімдерінің көшбасшылық әлеуетін арттыруға дейінгі игі істері – оқу орнының шынайы өмірмен, қоғаммен тығыз байланысын айғақтайды. Қыздар университеті – тек білім беретін мекеме емес, ұлт болашағын тәрбиелейтін рухани құндылықтың ордасы.