Погода

+12
°
C
H: +16°
L: +
Алматы
Понедельник, 30 Май
Прогноз на неделю
Вс Вт Ср Чт Пт Сб
+13° +20° +23° +21° +22° +23°
+11° +12° +13° +13° +11° +13°

Алматыдағы сайлау мәдениеті: азаматтық белсенділік пен сенім негізі

Қазақстан Республикасының Конституциясына биыл 30 жыл толып отыр. Осы тарихи датаға орай еліміздің демократиялық даму жолындағы жетістіктері мен электоралдық мәдениеттің қалыптасу үдерісі қоғам назарында. Әсіресе, Алматы қаласы – саяси белсенділік пен азаматтық бастамалардың тоғысқан орталығы ретінде ерекше маңызға ие.
01.08.2025
Алматыдағы сайлау мәдениеті: азаматтық белсенділік пен сенім негізі

Осы ретте біз Алматы қаласы аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Әсет Тұматовпен сұхбаттасып, сайлау мәдениетінің деңгейі, азаматтардың белсенділігі, жастардың қатысуы, электоралды процестердің қолжетімділігі мен ашықтығы туралы кеңінен әңгімелестік.

  • Алматы қаласында сайлау мәдениеті қалай қалыптасуда? Соңғы жылдары қандай оң өзгерістерді атап өтуге болады?
  • Қазақстан заңнамасында әрбір азаматқа қатысты сайлау құқығының мынадай қағидаттары бекітілген: жалпыға бірдей сайлау құқығы; тең сайлау құқығы; тікелей сайлау құқығы; жанама сайлау құқығы; құпия дауыс беру; сайлауға қатысудың еріктілігі. Алматы қаласында сайлау мәдениеті мектеп оқушылары мен студенттерге арналған білім беру бастамалары, байқаулар мен ағартушылық іс-шаралар арқылы нығайтылып келеді, әсіресе бұл жұмыстар жыл сайынғы Дүниежүзілік сайлау күні аясында белсенді жүзеге асырылады.

2024 жылы 1457-ден астам оқыту іс-шарасы өткізіліп, каскадтық әдіс арқылы 11 213 адам оқытылды. 2025 жылғы 23 қаңтар мен 6 ақпан аралығында Алматы қаласының аумақтық сайлау комиссиялары Дүниежүзілік сайлау күнін атап өту аясында әртүрлі форматтағы және деңгейдегі 103 іс-шара өткізді, оған 9254 адам қатысты.Іс-шаралар мектеп оқушылары, колледж және ЖОО студенттері, жұмыс істейтін жастар арасында ұйымдастырылды. Барлық іс-шаралардың басты мақсаты — жастардың санасында қоғамдық үдерістердің демократиялану үдерісінің қайтымсыздығын бекіту, жас сайлаушыларда демократиялық құндылықтар мен қағидаттарға бейілділікті қалыптастыру, олардың белсенділігі мен қатысу деңгейін арттыру болды. 2025 жылы 994 оқыту іс-шарасы өткізілді, каскадтық әдіспен 15 911 адам оқытылды. Сонымен қатар, Алматыда көпшілік дәрістер, байқаулар және мектептерде сынып сағаттары ұйымдастырылып, жүздеген қатысушыларды қамтыды.

Дүниежүзілік сайлау күнін атап өтудің басты іс-шарасы — 2025 жылғы 6 ақпанда өткен II қалалық «Мектептегі өзін-өзі басқарудың үздік сайлау жүйесі» байқауы болды. Байқаудың мақсаты — мектептегі өзін-өзі басқарудың үздік сайлау жүйесін анықтау, мектеп парламенттерінің жұмыс тәжірибесін жинақтау және мүдделі тараптарға ұсыныстар беру. Байқау екі кезеңде өткізілді: бірінші аудандық кезең 2025 жылғы 15–31 қаңтар аралығында қашықтан (мектептегі өзін-өзі басқару сайлау жүйесінің бейнепрезентациясы түрінде, қала мектептерінің барлығы қатыса алды), ал ақтық қалалық кезең 2025 жылғы 6 ақпанда (жүзбе-жүз презентация) өтті. 31 қаңтарда аудандық кезеңдерге қатысуға Алматы қаласының 215 мектебінің 160-ы өтініш берді (яғни 74,4%). Байқауға 143 мектеп жұмысын ұсынып, 127 мектеп белсенді қатысты. Іс-шараға барлығы 835 оқушы қатысты.

2025 жылғы 3 ақпанда Дүниежүзілік сайлау күні аясында Алматы қаласының аумақтық сайлау комиссиялары Білім басқармасының қолдауымен «Әр дауыстың маңызы бар: сайлаудың демократиялық қоғамдағы рөлі» атты бірыңғай сынып сағатын 5–11 сынып оқушылары үшін өткізді. Сынып сағаттары 215 мектептің 7080 сыныбында 8:00 және 14:00-де бір уақытта ұйымдастырылды. Іс-шараға 171 232 оқушы қатысты.

2025 жылғы 26 мамырда Алматы қаласының аумақтық сайлау комиссиясы ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Алматы қаласы бойынша филиалымен және Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасымен бірлесе отырып, ҚР Конституциясының 30 жылдығына арналған «APA-2025: AQYL, PARASAT, ABYROY» атты қалалық зияткерлік ойынын өткізді. Ойынның мақсаты — қазақстандық ұлттық құндылықтарды сақтау және насихаттау, қазақ халқының тарихы, мәдениеті, салт-дәстүрі мен тіліне қатысты сұрақтар арқылы терең білім беру. Бұл ойын қазақстандық патриотизмді дамытуға, мәдени мұра мен ұлттық бірегейлікке құрметті нығайтуға бағытталған. Зияткерлік ойынға Алматы қаласының барлық аудандарынан 9–11 сынып оқушылары қатысып, 8 командадан (әрқайсысы 5 адамнан) құралды, жалпы 40 қатысушы. Іс-шараға барлығы 150-ден астам адам қатысты.

Аталған байқаулар мен ойындар республикалық және қалалық бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен жарияланды.

- Қалалықтардың сайлау науқандарына қатысу белсенділігі қандай деңгейде?

- Сайлау немесе референдум күні Сайлау немесе референдум түрі Дауыс беруге қатысу үлесі (%)

20.11.2022 ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауы 28,69

20.03.2023 ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауы 25,15

06.10.2024 АЭС салу мәселесі бойынша республикалық референдум 25,21

  • Сайлауға ең көп қатысатын жас және әлеуметтік топтар қайсы?
  • Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 қыркүйектегі «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңына сәйкес, мұндай ақпаратты жинау аумақтық сайлау комиссияларының (АСК) құзыретіне кірмейді. Сонымен қатар, аталған заңның 28-бабына сәйкес, қоғамдық пікірге сауалнама жүргізуді Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тіркелген заңды тұлғалар жүзеге асыруға құқылы. Кандидаттарды немесе саяси партияларды қолдау бойынша дауыс беру мәселелеріне байланысты қоғамдық пікірге жүргізілген сауалнамалардың нәтижелері бұқаралық ақпарат құралдарында және онлайн платформаларда жарияланады.
  • Азаматтардың сайлау үдерістеріне қатысуын арттыру үшін қандай ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі?
  • Дәстүрлі ақпараттандыру тәсілдерінен бөлек, дауыс беру уақыты мен орны туралы ақпарат беру үшін SMS-хабарлама тарату, Telegram-боттар, колл-орталықтар белсенді түрде қолданылады. Сонымен қатар, білім беру бастамалары, конкурстар мен ағартушылық кампаниялар да белсенді жүзеге асырылуда.
  • Бақылаушылар институтының рөлі қалай күшейтіледі? Олармен өзара әрекет қандай форматта жүзеге асырылады?
  • Қазақстан заңнамасының талаптарына сәйкес, сайлау органдары сайлауларды бақылау үшін халықаралық және ұлттық бақылаушыларды белсенді түрде аккредитациялайды. Бұл сайлау үдерісінің ашықтығы мен оған деген сенімді арттыруға септігін тигізеді.

Алматы қаласында сайлау комиссиясы бақылаушылармен және халықаралық ұйымдармен белсенді түрде өзара әрекет етеді. Бақылаушылар өз функцияларын тиімді атқара алуы үшін семинарлар мен тренингтер ұйымдастырылады. Бұл шараларда олардың құқықтары мен міндеттері, сайлау өткізу тәртібі, заң бұзушылықтарды тіркеу жолдары түсіндіріледі.

Бақылаушылар ұйымдарынан нұсқаулықтар, есеп үлгілері сияқты ақпараттық материалдар алады. Олар заң бұзушылықтарды тіркеуге және сайлау комиссиясына шағым түсіруге құқылы. Бұл шағымдар белгіленген мерзімде қаралады. Халықаралық бақылаушылар сайлау процесінің ашықтығы, әділеттілігі туралы қорытынды береді.

- Сайлау учаскелерінде ашықтық пен қолжетімділік қалай қамтамасыз етіледі?

- Әрбір сайлау учаскесінде саяси партиялар, үкіметтік емес және халықаралық ұйымдар атынан тәуелсіз бақылаушылар жұмыс істейді. Дауыс беру аяқталғаннан кейін хаттамалар учаскеде дереу ілінеді.

Алматы қаласы аудандары әкімдерінің аппараттарының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің, Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының, аумақтық сайлау комиссияларының сайлау үдерісін ұйымдастыру, мүгедектігі бар азаматтар үшін жағдай жасау мәселелеріне жауапты мүшелерінің, сондай-ақ «Ten Qogam» мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігінің өкілдерінің қатысуымен жаңа сайлау учаскелері құрылған сайын ғимараттар мен үй-жайлардың қолжетімділігіне қатысты мониторинг жүргізіледі. Мониторинг барысында сайлау учаскелері орналасқан ғимараттардың мүмкіндігі шектеулі, көру, есту қабілеті бұзылған және басқа да халықтың аз қозғалатын топтары үшін кедергісіз кіруін қамтамасыз ететін қолжетімділік элементтерімен жабдықталуы, физикалық тосқауылдардың болмауы, қауіпсіздік талаптарына және құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкестігі тексеріледі.

Аумақтық сайлау комиссияларының сайлау үдерісін ұйымдастыру мәселелеріне жауапты мүшелері сайлау учаскесін жабдықтаудың Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 2012 жылғы 23 қазандағы №21/183 қаулысымен бекітілген «Сайлау учаскесіндегі дауыс беру үй-жайын, дауыс беру пунктін жабдықтау жөніндегі нұсқаулықтың» 3-тарауына сәйкестігіне мониторинг жүргізеді. Атап айтқанда, мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін арнайы жабдықталған бұрыштың (орынның) болуы тексеріледі. Онда кемінде 54 сантиметр диагональды мониторы бар компьютер орналастырылуы тиіс, оның ішінде нұсқаулықтың 6-тармағында көрсетілген ақпарат мүмкіндігі шектеулі жандарға бейімделген форматта ұсынылуы қажет. Сонымен қатар, наушниктер, қосымша жарықтандыру, лупа болуы тиіс.

Көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтар үшін дауыс беруге арналған арнайы трафареттер әзірленеді. 2025 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша 575 сайлау учаскесі мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімді. Сондай-ақ мүгедектігі бар немесе жүріп-тұруы шектеулі азаматтардың өтініші бойынша үйден дауыс беру ұйымдастырылады. 2024 жылғы 6 қазанда өткен референдумға мүгедектігі бар 1761 азамат қатысты. Алдағы уақытта келуді көбейту үшін жұмыстар жасайтын боламыз

  • Әңгімеңізге көп рахмет!

 

Сұхбаттасқан Кальбинур ХОШНАЗАРОВА