Погода

+12
°
C
H: +16°
L: +
Алматы
Понедельник, 30 Май
Прогноз на неделю
Вс Вт Ср Чт Пт Сб
+13° +20° +23° +21° +22° +23°
+11° +12° +13° +13° +11° +13°

Алматы - көпконфессиялы келісімнің жарқын үлгісі

Алматы — тек Қазақстанның ірі мегаполисі ғана емес, сондай-ақ әртүрлі ұлттар мен дін өкілдерінің бейбіт қатар өмір сүріп жатқан рухани кеңістігі. Қаланың әлеуметтік құрылымында конфессиялық әртүрлілік ерекше орын алады. Бүгінде Алматыда 17 түрлі конфессия ресми тіркеліп, заң аясында қызметін жүзеге асырып отыр. Бұл — елдегі діни төзімділік пен ұлтаралық келісімнің нақты көрінісі.
01.08.2025
Алматы - көпконфессиялы келісімнің жарқын үлгісі

Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының басшысы Нұрлан Қиқымовтың мәліметіне сәйкес, дін саласындағы мемлекеттік саясат Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңына толық сәйкес жүзеге асырылады. Аталған заңның 3-бабында нақты көрсетілгендей, мемлекет діннен және діни бірлестіктерден бөлінген. Бұл қағидат — зайырлы мемлекеттің басты іргетасы. Осы заң аясында әрбір азаматтың ар-ождан бостандығы, діни сенім еркіндігі толықтай қамтамасыз етіледі.

Алматы қаласында қызмет атқарып жатқан 17 конфессия — ислам, православие, католик, протестанттық бағыттар, буддизм, иудаизм және басқа да діни ағымдар мен бірлестіктер — барлығы заң алдында тең құқылы. Олар мемлекеттік тіркеуден өтіп, өз қызметін заңдылық пен өзара сыйластық қағидаттары негізінде жүргізуде. Ең бастысы — бұл ұйымдар азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын құрметтеуге, қоғамдық тәртіпті сақтауға міндетті.

Мемлекет ешбір діни ұйымға артықшылық бермейді, керісінше, тең құқықтық орта қалыптастырып отыр. Бұл — ұлтаралық және дінаралық келісімнің ең маңызды шарты.

Нұрлан Қиқымов атап өткендей, Қазақстан Республикасының заңнамасы шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарға да өз діни сенімін ұстануға немесе ешбір дінді ұстанбауға толық еркіндік береді. Сонымен қатар, ешкімді діни рәсімдерге қатысуға немесе қатыспауға мәжбүрлеуге жол берілмейді. Бұл — мемлекет тарапынан жеке тұлғаның ішкі сеніміне қол сұқпау саясатының нақты көрінісі.

Алматы қаласында діни ахуалдың тұрақты әрі бейбіт болуы — азаматтық қоғам мен діни ұйымдардың өзара ынтымақтастығы мен түсіністігінің нәтижесі. Бұл — діни плюрализмге негізделген заманауи мегаполистің жарқын үлгісі.

Бүгінде діни саладағы ақпарат ашық әрі қолжетімді. Басқарманың ресми парақшасы мен religionmap.kz порталы арқылы қала тұрғындары тіркелген діни ұйымдар, олардың қызметі, орналасқан мекенжайлары мен байланыс деректері туралы кең көлемде ақпарат ала алады. Бұл — мемлекеттік органдардың ашықтығын арттырып қана қоймай, азаматтардың құқықтық сауаттылығын да нығайтатын маңызды құрал.

Алматы қаласы — Қазақстандағы зайырлы қағидаттар мен діни еркіндік қатар өмір сүріп жатқан орталықтардың бірі. Бұл қалада әрбір дін өкілі өз сенімін еркін ұстануға, діни рәсімдерді бейбіт түрде өткізуге құқылы. Бірақ бұл еркіндік қоғам алдындағы жауапкершілікпен, заңға бағынумен және өзара сыйластықпен ұштасуы тиіс.

Дін саласындағы мемлекеттік саясаттың ашықтығы мен теңгерімділігі — Алматыдағы діни ахуалды тұрақты ұстаудың негізгі кепілі. Бұл бағытта Алматы қаласының Дін істері жөніндегі басқармасы заңнамалық негізде, қоғам мүддесіне сай жүйелі жұмыс жүргізіп отыр.

Кальбинур ХОШНАЗАРОВА