Погода

+12
°
C
H: +16°
L: +
Алматы
Понедельник, 30 Май
Прогноз на неделю
Вс Вт Ср Чт Пт Сб
+13° +20° +23° +21° +22° +23°
+11° +12° +13° +13° +11° +13°

Мүфтият – рухани тұтастықтың тірегі, елдік пен бірліктің діңгегі

Қазақ даласында сан ғасырлық тарихы бар рухани мұра мен асыл діннің үндестігі – бүгінгі Қазақстан қоғамының тірегіне айналған құндылық. Ислам – ұлт болмысымен біте қайнасып, қазақтың мінезінен, салт-дәстүрінен, тіпті шежірелі шежіресінен айқын көрініс тапқан. Осы сабақтастықты жүйелеп, бүгінгі буынға лайықты жеткізіп отырған негізгі құрылым – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы, яғни Мүфтият. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ қоғам мен дінді бір арнада тоғыстыру жауапкершілігін иығына артқан Мүфтият, бүгінде – жай ғана діни орган емес, елдің рухани қауіпсіздігін қамтамасыз етуші, дәстүр мен сенім арасын жалғаушы, ұлтты бөлмей біріктіруші құрылымға айналды.
23.05.2025
Мүфтият – рухани тұтастықтың тірегі, елдік пен бірліктің діңгегі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевмүфтияттың қоғамдағы маңызын терең көрсетті:

«Ислам – ұлтымыздың ұстыны, руханиятымыздың алтын діңгегі. Асыл дініміз ғасырлар бойы халқымыздың жан дүниесімен біте қайнасып, ұлттың ұйысуына арқау болып келеді. Дәстүрлі ислам құндылықтары – елімізде салтанат құрған ырысты ынтымақтың қайнар көзі.

Бүгінде конфессияаралық татулықтың Қазақстанға тән бірегей үлгісін бүкіл әлем мойындайды. Биыл Астанада өтетін Дүниежүзілік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезі – осының айқын дәлелі.

Азаматтардың өзара сенімін нығайту және жауапкершілік, жанашырлық, әділдік сияқты қағидаттарды орнықтыру – қашанда басты міндет. Бұл ретте құрылғанына биыл 35 жыл толған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы маңызды рөл атқарады.

Имамдар қоғамдағы игі бастамаларды жүзеге асыруға белсене қатысып, жастарды жат діни ағымдардың ықпалынан қорғауға, отаншыл ұрпақ тәрбиелеуге табысты түрде атсалысып жүр.              

Біз – озық ойлы ұлт болуға ұмтылған елміз. Қазақстанның әрбір тұрғыны Адал азаматқа тән қасиеттерді бойға сіңіру үшін төл құндылықтарымыз бен ата дінімізге арқа сүйеудің мән-маңызы зор», – деді Мемлекет басшысы.

Мұндағы жауапкершілік – тек уағыз айтып, мешітте имамдық ету емес. Бұл – рухани көшбасшылық, қоғамдық бағыт-бағдар, дүниетанымдық тұрақтылықты сақтау. Мүфтият соның бәрін өз миссиясының ажырамас бөлшегі етіп отыр.

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы:

««Мұсылман – мұсылманға бауыр» деген ұлағатты қағиданы өмірлік ұстаным еткен халқымыз бұл ұғымды тек діннің емес, тұтас қоғамның іргетасына айналдырды. Осы имани бауырластықтың арқасында қазақ даласы ғасырлар бойы сан ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына топтастырып, тату тірліктің үлгісін көрсетті.

Біздің дәстүрлі ислам құндылықтарымыз – халқымыздың рухани болмысының алтын өзегі. Бұл құндылықтар өткеннің еншісінде ғана емес, бүгінгі күн мен ертеңгі ұрпақтың да бағдаршамы. Сондықтан ата-бабадан жеткен рухани мұрамызды жаңғырту, дін мен дәстүр арасындағы жарасымды үйлестіру – баршамыздың ортақ әрі қасиетті міндетіміз», – деп атап өтті.

Бұл – жай мәлімдеме емес. Бұл – мүфтияттың бағыты. Қазақы танымдағы ислам – тек ғибадат емес, ұлттық мінездің мәйегі, қоғамның тұтастығын сақтайтын тетік. Имамдар – руханият сақшылары, олар тек мешіттің ғана емес, қоғамның шырақшылары.

Мүфтият соңғы жылдары дін мен дәстүрді ұштастыру, отбасы институтын нығайту, жастарды теріс ағымнан қорғау, имамдардың білімін арттыру, исламның қайырымдылық миссиясын күшейту сияқты нақты бағыттарға басымдық беріп келеді.

 Астана қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен «Қазақ даласындағы дәстүрлі ислам құндылықтары» VІ Республикалық имамдар форумы өткен болатын. Осы форум аясында қабылданған екі маңызды тұғырнама – соның дәлелі:

«Қазақ халқының дәстүрінде және Ислам дінінде отбасы құндылығы» – отбасының ішкі құрылымын, ер мен әйелдің рөлін, ата-ана мен бала арасындағы жауапкершілікті анықтайтын рухани құжат.

«Құдайы ас беруде ысырапқа жол бермеу» – шариғат пен салттың ортасындағы тепе-теңдікті табуға бағытталған бастама. Ысырапқа жол бермей, қарапайымдылық пен мағыналықты насихаттау – бұл да дінді бүгінгі қоғам тілімен сөйлетудің бір үлгісі.

Бұл құжаттар – формалды қағаз емес. Олар ел ішіндегі салт пен сенімнің үйлесіміне бағыт сілтейтін ереже, имамдардың қызметіне рухани бағдарлама.

Бүгінде мүфтият қарамағында мыңнан аса имам, жүздеген медресе-колледж ұстаздары, Қарилар орталығы, пәтуа және насихат бөлімдері бар. Бұл – кең ауқымды рухани-әлеуметтік құрылым. Олар тек дін үйретпейді – қоғамның тынысын сезіп, қазақы дүниетанымды қалыптастыруда, ұлттың рухани иммунитетін көтеруде үлкен рөл атқарады.

Имам – тек мешіт ішінде емес, мекеме, мектеп, ауыл, қала – қай жерде де халықпен бірге жүрген тұлғаға айналды. Осы жаңа буын діни көшбасшылар – зайырлы қоғам мен дін арасындағы алтын көпір.

Форум соңында жарияланған Үндеуде мүфтият пен имамдардың міндеттері нақты айтылды:

  • Отбасы құндылығын сақтау – ұлт болашағына үлес қосу
  • Діндегі қарапайымдылық – рухани тазалыққа жетелейді
  • Ысырапсыздық – шариғат пен дәстүрге сай тіршілік үлгісі
  • Біртұтас таным – ел бірлігінің негізі

Қазақ топырағындағы ислам діні ешқашан бөтен болмаған. Ол – жаратылысымызбен біте қайнасқан, бабалар ілімімен қуатталған, дәстүрмен үндескен дін. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы осы сабақтастықты жалғастырып, дінді қоғам тілімен сөйлетіп келеді.

Мүфтият – ұлттық руханияттың тірегі, имандылықтың иесі, тұрақтылықтың тынысы. Оның қызметі – мешіт қабырғасынан әлдеқайда кең. Ол – қоғамның, мемлекеттің рухани тынысын сақтап отырған жүйе.

 

Олжас Әбдіхалық