Курсы валют
Погода
| Вс | Вт | Ср | Чт | Пт | Сб |
| +13° | +20° | +23° | +21° | +22° | +23° |
| +11° | +12° | +13° | +13° | +11° | +13° |
Алматы Түркі мемлекеттері ұйымының жастар астанасы мәртебесін иеленеді
Осы алқалы жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ТМҰ шеңберіндегі байланыстарды тереңдетуге, өзара сенімді арттыра отырып, ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды бірлесе жүзеге асыруға шақырды. Ол өз сөзін мәдени, тарихи және бауырластық құндылықтарға сүйене отырып бастап, Түркі әлемінің бүгінгі және болашақтағы бағытын айқындап берді.
“Бүгінгі алқалы жиынның Еуропа төрінде өтуінің айрықша мәні бар. Біз мажар жұртының қарт құрлықта тұғырлы мемлекет болып отырғанына дән ризамыз. Бүгін бәрімізді түбі бір түркі бауырларым деп құшақ жая қарсы алып жатсыздар. Мұны, шын мәнінде, мызғымас достығымыздың айқын көрінісі деп санаймын. Біз ынтымағы жарасқан елдеріміздің бірлігін бекемдеп, тамыры бір тарихымыз бен салт-дәстүрлерімізді ұлықтап келеміз”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының сөзі тек дипломатиялық ілтипат қана емес, қазіргі түркі интеграциясының жан-тәнімен қабылданған сенімді платформасын көрсетеді. Түркі елдерінің тарихи тамыры бір болғанымен, бүгінгі таңда олар әртүрлі саяси, экономикалық жағдайларда өмір сүріп жатыр. Солай бола тұра, ортақ мүдде мен болашаққа деген ұмтылыс – бәрін біріктіретін құндылық.
Қазақстан жаһандық бірлікке сөз жүзінде емес, нақты іспен үлес қосып келе жатқанын атап өткен Президент бірқатар маңызды бастамалар туралы баяндады. Атап айтқанда:
- Қазақстан ТМҰ жанынан Тұрақты өкілін тағайындады, әрі Тұрақты өкілдік ашуды жоспарлап отыр.
- Астана қаласында Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясының XIV отырысы өтпек.
- Ақтау қаласы Түркі әлемінің мәдени астанасы ретінде жарияланды.
- Алматы қаласы Түркі мемлекеттері ұйымының жастар астанасы мәртебесін иеленеді.
- Түркі елдерінің Орталық сайлау органдарының платформасы Түркістанда табысты басталды
Мұның бәрі – Түркі кеңістігінде тұрақтылық пен рухани тұтастықты қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі саясаттың көрінісі.
Президент өз сөзінде экономикалық әріптестікті тереңдетуге ерекше назар аударды. Ол атап өткен негізгі бағыттар:
- Орта дәлізді – Шығыс пен Батысты байланыстыратын стратегиялық жолға айналдыру;
- Қазақстан–Қытай шекарасында үшінші темір жол өткелін салу;
- Солтүстік–Оңтүстік халықаралық көлік дәлізін дамыту;
- Қырғызстан және Өзбекстанмен шекарадағы рәсімдерді цифрландыру;
- Мұнай, газ, уран сынды стратегиялық ресурстар жеткізу тізбегін әртараптандыру.
“Тағы бір аса маңызды мәселе, бұл – біздің Ұйымның шеңберінде қабылданған құжаттардағы ережелерді қатаң сақтау. Процедура мәселесі болсын, саяси және экономика сұрақтары болсын – келісімдердің ережелерінің барлығын құрметтеу, сақтау қажет, міндетті түрде іске асыру керек”, – деді Президент.
Мұнда Мемлекет басшысы түркі интеграциясы формалды деңгейден шынайы іс-қимылға өтуі керек деген тұжырымды анық білдірді.
Президент Каспий теңізі арқылы оптикалық-талшықты кабель тарту жобасын да атап өтті. Бұл – Түркі әлемінің тек саудада ғана емес, ақпараттық кеңістікте де өзара ықпалдасуға ниетті екенін көрсетеді.
“Елдеріміз арасындағы сауда-саттықты жандандырып, тауар түрін көбейту қажет. Өткен жылы Қазақстанның Ұйымға мүше елдермен арадағы алыс-берісі 11,4 миллиард долларға жетті. Бұл – еліміздің сыртқы саудасының 8 пайызына тең. Әрине, жақсы көрсеткіш. Дегенмен оны арттыра түсу керек”, – деп атап өтті Тоқаев.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы арнайы сауда құжатын әзірлеуді ұсынды. Бұл – ұйым ішіндегі кедергілерді азайтып, біртұтас экономикалық кеңістікті қалыптастыруға бағытталған маңызды бастама.
Президентіміз азық-түлік қауіпсіздігіне айрықша мән беріп, ТМҰ мен Ислам ынтымақтастығы ұйымы арасында байланыс орнатуды ұсынды. Ауыл шаруашылығы – бүгінгі күні геосаяси тәуелсіздік пен халықтың тұрақты тұрмысы үшін стратегиялық маңызы бар сала. Түркі елдерінің жері кең, әлеуеті зор, сондықтан осы бағытта ортақ күш біріктіру – тарихи қажеттілік.
Сонымен қатар Каспий теңізінің тартылуы, табиғат апаттарының жиілеуі – аймақтық экологиялық сын-қатерге айналған. Президент осы мәселеде бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын қолға алуды ұсынды. Бұл – тек экологияны емес, халықтың өмір сүру сапасын қорғауға бағытталған ұзақмерзімді саясат.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Будапешт төрінде айтқан сөзі – жәй мәлімдеме емес, түркі әлемінің болашағына арналған нақты стратегиялық жол картасы. Бұл жол – тамырлас елдердің достығын нығайтып қана қоймай, жаңа геосаяси тәртіпте өз орнын табуға бағытталған ұлтжанды әрі прагматикалық қадам.
Түркі мемлекеттері ұйымы енді мәдени ортақтықпен шектелмей, ортақ нарық, ортақ цифрлық кеңістік, ортақ қауіпсіздік, ортақ инфрақұрылым арқылы жаһандық аренада жаңа ықпалды бірлікке айнала алатынын көрсетті.
Президенттің сөзімен түйіндесек:
"Біз түркі бірлігін нығайтамыз".
Тек ниетпен емес, нақты іспен, жүйелі ынтымақпен.
Тамыры терең түркі жұрты үшін ендігі кезек – болашақты бірге құруда.
Олжас Әбдіхалық

