Курсы валют
Погода
| Вс | Вт | Ср | Чт | Пт | Сб |
| +13° | +20° | +23° | +21° | +22° | +23° |
| +11° | +12° | +13° | +13° | +11° | +13° |
Отбасы – ұлттың өзегі: «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы басталды
Биыл да бұл игі бастама өз жалғасын тапты. Мәдениет және ақпарат министрлігі«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына қатысуға өтінімдер қабылдау басталғанын ресми түрде хабарлады.
«Мерейлі отбасы» байқауы – тек жарыс немесе марапат үшін ғана емес, ұлттық болмысымызды ұлықтайтын үлкен идеологиялық жоба. Байқаудың басты мақсаты – еңбекқорлық, өзара сыйластық, бірлік пен ынтымақ сынды отбасылық құндылықтарды қоғамның назарында ұстап, сол арқылы жалпыұлттық рухани-адамгершілік бағдарды нығайту.
Бұл байқауға еңбек пен спортта, шығармашылық пен ғылымда, зияткерлік және өнер салаларында жетістікке жеткен, қоғамдық өмірге белсене араласатын өнегелі отбасылар қатыса алады. Олар – өз ісімен өскелең ұрпаққа үлгі болып жүрген жанұялар.
2025 жылғы «Мерейлі отбасы» байқауы екі кезеңнен тұрады:
- I кезең – аудандық (қалалық) деңгейде 15 маусымнан 30 маусымға дейін өткізіледі.
- II кезең – облыстық және республикалық маңызы бар қалалар мен елорда деңгейінде 30 маусымнан 15 шілдеге дейін жалғасады.
Екі кезеңнің қорытындысы бойынша Қазақстанның барлық өңірлерінен 20 үздік отбасы таңдалып, оларға «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының лауреаты атағы беріледі.
Жеңімпаздарды марапаттау салтанаты еліміздің жүрегі – Астана қаласында өтеді. Бұл – әр отбасына үлкен мәртебе, бүкіл ел алдында абыройлы атаққа ие болудың үлкен мүмкіндігі.
Ұрпақ тәрбиесі де осыдан бастау алады. Бала тәрбиесінде отбасының рөлі ерекше. Ал бұл байқау – сол тәрбиелік мәні зор отбасыларды көпшілікке таныстыру, олардың үлгілі болмысын дәріптеу арқылы қоғамға ой салу, жас ұрпақты дұрыс бағытқа бағыттау миссиясын атқарып келеді.
Байқау алғаш рет өткізілген күннен бастап еліміздің түкпір-түкпірінен 20 мыңнан астам отбасы қатысып үлгерді. Бұл – халықтың осы бастамаға деген жоғары қызығушылығының айқын дәлелі.
2025 жылы да ата-анасынан өнеге көрген, бала-шағасын тәрбиелеуде ерен еңбек етіп жүрген, қоғамдық өмірге белсене араласып, ұлттың рухани жаңғыруына үлес қосып жүрген отбасылар бақ сынайды.
Байқауға қатысу үшін отбасылар 15 мамыр мен 15 маусым аралығында өз өтінімдерін өңірлік комиссияларға тапсыруы қажет.
Толық ақпарат пен байқауға қатысу шарттары жөнінде мына байланыс нөмірлерінен білуге болады:
+7 (7172) 74-13-47
+7 (7172) 74-01-62
«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы – бұл ұлттық санамызды жаңғыртудың, ұрпақ тәрбиесінің, қоғамның рухани тазалығының көрінісі. Бұл – әрбір отбасына өз жетістігін паш етіп, ел болашағы үшін үлгі болуға берілетін мүмкіндік. Мықты мемлекет мықты отбасылардан құралады. Ендеше, осы байқау арқылы мерейі үстем болған отбасы – бүкіл халықтың мерейін үстем етпек.
Олжас Әбдіхалық

