Погода

+12
°
C
H: +16°
L: +
Алматы
Понедельник, 30 Май
Прогноз на неделю
Вс Вт Ср Чт Пт Сб
+13° +20° +23° +21° +22° +23°
+11° +12° +13° +13° +11° +13°

«Қазпоштаның» атын жамылған қаскөйлер: Фишингтік шабуылға ұшырағандар ақшасын қалай қайтара алады?

Соңғы апталарда Қазақстанда қаптап кеткен жалған SMS-хабарламалар мыңдаған адамның жүйкесін жұқартып, қалтасын қағуда. Алаяқтар бұл жолы еліміздің басты пошта қызметін – «Қазпоштаны» бетперде етіп, азаматтардың жеке деректері мен банк картасындағы ақшасына қол сұғуда.
09.05.2025
«Қазпоштаның» атын жамылған қаскөйлер: Фишингтік шабуылға ұшырағандар ақшасын қалай қайтара алады?

«Қазпоштаның» атын жамылған қаскөйлер: Фишингтік шабуылға ұшырағандар ақшасын қалай қайтара алады?

Соңғы апталарда Қазақстанда қаптап кеткен жалған SMS-хабарламалар мыңдаған адамның жүйкесін жұқартып, қалтасын қағуда. Алаяқтар бұл жолы еліміздің басты пошта қызметін – «Қазпоштаны» бетперде етіп, азаматтардың жеке деректері мен банк картасындағы ақшасына қол сұғуда.

Бұл жаңа қаржы қылмыстарының бірі – фишинг деп аталады. Танымал ұйымның атымен ұқсас сайт жасап, адамдарды алдап, шұғыл әрекет етуге итермелейді. Ал жалған хабарламалардың ар жағында сіздің бар мәліметіңізді сорып, қаржыңызды шетелге жедел аударып жіберетін қу технология мен суық ақыл тұр.

Алданған азаматтың оқиғасы: "Қазпоштаның" хабарына сендім…

Алматы тұрғынының басынан өткен жағдай осы қылмыстың қыр-сырын аша түседі.

«Астанадан маңызды құжат жолданып жатқан. Бір күні “Сәлемдемеңіз қоймада, мекенжай дұрыс көрсетілмеген” деген SMS келді. Қазпоштаның ресми хабары деп ойлап, күмәнсіз сілтемеге өттім. Жүйе банк картасының деректерін сұрады. Бірінші картамды енгіздім, кейін “қате карта” деп екінші картамды сұрады. Біраз күннен соң байқадым – картамнан доллармен ақшалар алынып, бәс тігу сайттарына аударылып жатыр екен. Кеш түсіндім – алаяқтарға алдандым», – дейді ол.

Ол Қазпоштаның атымен келген хабарламаға сеніп, өзінің ғана емес, банк картасының деректерін де “сыйлаған”. Жәбірленуші деректерді алаяқтар пошта компаниясынан алды деп күдіктенеді.

«Менің телефоным, ЖСН-ім, мекенжайым – барлығы оларға белгілі болған. Бұл ақпараттар Қазпоштада тіркелген, енді соның бәрі қалай олардың қолына түсті деген сұрақ маза бермейді», – дейді ол.

Қазпоштаның ресми жауабы қандай?

«Қазпошта» АҚбұл жағдайлардан толықтай бас тартты.

«Бұл – біздің ресми сайтымызбен еш қатысы жоқ “зеркалды” сайттар. Алаяқтар Qazpost.kz атауына ұқсас сілтемелермен (мысалы, qazpost.kz-send.cyou, kazpost.at, kzpost.delivery.info) әрекет етеді. Қазпошта ешқашан мұндай сайттар арқылы немесе беймәлім пошта адрестерінен SMS таратпайды», – делінген ресми хабарламада.

Бұл қандай алаяқтық?

Фишинг– ең қауіпті онлайн алаяқтықтың түрі. Қаскөйлер:

  • Белгілі ұйымның атынан жалған сайт жасайды;
  • SMS немесе email арқылы сілтеме жібереді;
  • Сілтемені шұғыл басуға итермелейді («пакетіңіз қоймада», «төлем жасау қажет» т.с.с.);
  • Адам сайтқа өз мәліметтерін енгізеді;
  • Содан соң ақшасы ұшты-күйлі жоқ болады.

Не істеу керек? Мамандар кеңесі

Мұндай хабарлама келсе, төмендегідей әрекеттер жасалғаны жөн:

  1. Сілтемеге өтпеңіз.
  2. ЖСН, карта нөмірі, CVV код сияқты деректерді енгізбеңіз.
  3. 1499 – Қазпоштаның ресми нөмірі екенін есте сақтаңыз.
  4. Хабарламаны дереу жойып, жіберушіні бұғаттаңыз.
  5. Туыстарыңыз бен жақындарыңызға бұл туралы ескертіңіз.

Ақшаңызды қалай қайтаруға болады? Банк алгоритмі

Halyk Bank мамандары алаяқтардың құрбаны болған жағдайда уақытпен жарысу қажет екенін айтады:

1-қадам:Банк қосымшасы арқылы картаңызды бірден бұғаттаңыз.
2-қадам: “Интернет-төлемге рұқсат жоқ” функциясын қосыңыз.
3-қадам: Банк бөлімшесіне барып, ресми арыз жазыңыз.
4-қадам: 45 күн ішінде банк транзакцияларды зерттеп, шешім шығарады.

Егер қаражат заңсыз аударылғаны дәлелденсе, банк соманы қайтаруы мүмкін. Бірақ егер өз еркіңізбен деректерді енгізгеніңіз анықталса, қайтару қиындай түседі.

Фишингтік SMS-ті қалай тануға болады?

Алаяқтар жіберетін хабарламалардың ортақ белгілері бар:

  1. Жеке мәлімет сұрайды.
    Қазпошта ешқашан SMS арқылы карта нөмірін, ЖСН сұрамайды.
  2. Сілтемелері күмәнді.
    Qazpost.kz атын бұрмалаған сайттар: qazpost.kz-send.cyou, kazpost.delivery.info, kzpost.at және т.б.
  3. Мәтінде қате көп.
    Аударма сапасы төмен, грамматикалық және стилистикалық қателері бар.
  4. Хабар жіберушінің аты күмәнді.
    Ресми хабарламалар тек 1499 нөмірінен келеді.

Қазіргі цифрлық қоғамда жеке ақпарат – алтынға пара-пар. Оны қорғау – тек құқық қорғау органдары мен банктердің емес, әр азаматтың жеке міндеті.

Алаяқтар енді тек техникалық білімге ғана емес, психологиялық манипуляцияға сүйенеді. Олар сіздің эмоцияңызды, асығыстығыңызды, бейқамдығыңызды жақсы біледі.

Сондықтан:

  • Күмәндану – қорғану.
  • Қосымша тексеру – қауіпсіздік.
  • Сілтемеден бұрын – сенімділік.

"Қазпоштаның" атын жамылған қылмыскерлер – сандық дәуірдің жаңа қауіпті формасы. Бірақ әр адам сауатты болса, олар үшін есік жабық.

Олжас Әбдіхалық