Курсы валют
Погода
Вс | Вт | Ср | Чт | Пт | Сб |
+13° | +20° | +23° | +21° | +22° | +23° |
+11° | +12° | +13° | +13° | +11° | +13° |
Телефон алаяқтарының құрбаны болған жас жігіттің хикаясы
Жастардың «алдамайтын заман» деп үміттенуі кейде ең қауіпті аңқаулыққа айналады. Ерсұлтан 2025 жылдың 28 сәуірінде күнделікті жұмысы арасында аз уақыт көз іліп алған сәтте, белгісіз нөмірден қоңырау түседі. Трубканың ар жағында өзін Диана деп таныстырған қыз, оның телефонына жіберілген кодты сұрайды. Әлдебір техникалық жағдай деп ойлап, ұйқылы-ояу күйде кодты айтып жіберген. Бір минут өтпей жатып, өзге бір нөмірден тағы хабарлама түсіп, "Сіз алаяқтардың құрбаны болдыңыз" деген дабыл қағылады.
Одан кейінгі оқиға қатаң сценариімен жалғасқан: өзін полиция қызметкері, Ұлттық банктің өкілі, тіпті заңгер деп таныстырған бірнеше адам кезек-кезек байланысқа шығады. "Ақшаңызға қауіп төнді", "Қаржыны сақтандыру шотына аудару керек", "Мұның бәрі құпия, ешкімге айтпаңыз" деген сөздермен Ерсұлтанды шын қауіп бар екеніне сендіреді. Осылайша оның атынан банк қосымшасы арқылы 900 мың теңге несие рәсімделіп, 890 мың теңгесі *6976 шотына аударылған.
«Олар тіпті басшылықтың атымен жалған құжат жіберді. Ал мен жағдайды түсінбей, сол сәтте шынымен қорқып қалдым. Сеніп қалғаным үшін өзімді кешіре алмай жүрмін», — дейді Ерсұлтан.
Алаяқтардың телефоны енді мүлде өшіп қалған. Жігіт банкке барып, қаражатты кері қайтару туралы өтініш түсірді. Алайда банк заң аясында әрекет ететінін мәлімдеді.
Банктің ресми жауабы қысқа да нақты:
«Бұл қаражат өзге банктегі есепшотқа қате аударылғанын растай отырып, ресми хабар жолданды. Дегенмен, аталған соманы өз бетімізше қайтаруға заңды негізіміз жоқ. ҚР Азаматтық кодексінің 953-бабына сәйкес, негізсіз байыған тарап қаражатты қайтаруы тиіс. Егер 10 күн ішінде ақша қайтарылмаса, Сіз сотқа жүгініп, заңды үстемемен бірге талап ете аласыз».
Яғни, ақша кеткен есепшот иесі өз еркімен қайтармаса, істің шешімі тек сот арқылы болуы мүмкін.
Ерсұлтан бұл жағдай бойынша полицияға арыз жазып, қазір іс Қылмыстық кодекстің 190-бабы — “Алаяқтық” бойынша қаралып жатыр. Тергеу басталды, бірақ мұндай істерде нақты нәтижеге жету – көп жағдайда күрделі, тіпті кейде мүмкін емес.
«Мен осы оқиғадан кейін барынша көп адам білсе екен деймін. Мұндай схемалардан хабарым бар еді, алайда бәрібір құрыққа іліндім. Өмірімде алғаш рет несие рәсімдедім – ол да алаяқтар үшін. Бұл — үлкен соққы», – дейді Ерсұлтан.
Қазір ол несие бойынша төлемді кейінге шегеру мен пайыздық мөлшерлемені азайту үшін Азаматтық сотқа жүгінуге мәжбүр. Өйткені банк алдындағы қарыз – өз атына рәсімделген заңды міндеттеме.
Бұл оқиға – жай ғана бір адамның трагедиясы емес. Бұл – Қазақстандағы қаржылық киберқауіпсіздіктің шын деңгейін көрсететін маңызды сигнал.
Соңғы жылдары елімізде телефон арқылы жасалатын алаяқтық жағдайлары күрт артты. 2023 жылы тіркелген осындай қылмыстар саны 18 мыңнан асса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 26 мыңға жуықтады. Алаяқтардың айласы барған сайын жетіліп, сенімге кіру тәсілдері адам психологиясына тікелей бағытталған.
Осыған байланысты еліміздің екінші деңгейлі банктері жаңа қорғаныс шараларын енгізуге кірісті. Енді кейбір қаржы ұйымдары смартфон арқылы біреумен сөйлесіп жатқан кезде банк қосымшасын қолдануға шектеу қоюды жоспарлап отыр. Бұл – телефон арқылы алданған кезде нақты әрекетке көшуге мүмкіндік бермейтін уақытша блок жүйесі болмақ.
Мұндай жүйе бірнеше елде сәтті іске асқан.Мәселен, Сингапур мен Оңтүстік Корея банктері дәл осы принцип бойынша қорғау жүйесін енгізіп, клиенттердің қаражатын қорғау деңгейін арттырған. Телефонмен сөйлесіп жатқанда қосымшаны ашуға болмайды немесе шектеулі режимде ғана жұмыс істейді. Бұл – әсіресе алаяқтар телефон арқылы манипуляция жасап үлгермей тұрып, зиянды транзакцияны болдырмауға арналған нақты қадам.
Қазірдің өзінде кейбір қазақстандық банктер бұл функцияны тестілік режимде іске қоса бастады.
Алаяқтардың құрығына кім түссе де – жас не кәрі, білімді не қарапайым – бәріне ортақ бір ереже бар:
ешқашан код айтпаңыз, ақша аудармаңыз, бейтаныс адамның сөзіне сенбеңіз.
Қаржылық қауіпсіздік – енді тек жеке жауапкершілік емес. Бұл – саналы қоғамның, сауатты ұрпақтың және техноқорғалған цифрлық жүйенің нәтижесі. Ерсұлтанның басынан өткен оқиға – көпшілікке сабақ болса екен.
Олжас Әбдіхалық