Курсы валют
Погода
Вс | Вт | Ср | Чт | Пт | Сб |
+13° | +20° | +23° | +21° | +22° | +23° |
+11° | +12° | +13° | +13° | +11° | +13° |
ЕРЕКШЕ ЖАНДАРҒА ерекше қолдау
Орталықтың табалдырығын аттай салысымен, мұнда қайнап жатқан тіршілікті бірден байқауға болады. Құшақ жая қарсы алған орталық директоры Ләззат Зәкірбаева мекеменің 20 жылдан астам уақыт бойы әлеуметтік қызмет көрсетіп келе жатқанын айтады. Мұнда ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған кешенді көмек қарастырылған. Орталық дефектологтар, логопедтер, психологтар, еңбек терапевттері мен медициналық мамандардан тұратын үлкен ұжыммен жұмыс істейді.
Әуезов ауданында орналасқан бұл мекемеге күніне 280-ге жуық бала келеді. Мамандар олардың әрқайсысымен жеке жұмыс істеп, қажетті дағдыларды дамытуға көмектеседі. Балалардың жас ерекшелігі мен диагнозына байланысты әрбір бағдарлама жеке таңдалады. Сондай-ақ, орталық мамандары үйлеріне барып та қызмет көрсетеді. Өйткені кейбір балалардың жағдайы орталыққа келуге мүмкіндік бермейді.
Дефектолог маман Әмина Мұқашева ерекше балалармен жұмыс жасаудың маңызды екенін атап өтеді. Ол баланы қабылдау сәтінен бастап диагностика жүргізіліп, арнайы бағдарлама жасалатынын айтады. «Басты мақсат – баланың мүмкіндігін барынша арттырып, оның қоршаған ортаға бейімделуіне көмектесу», – дейді маман.
Орталықтағы логопед, психолог және еңбек терапевттері балалардың тілін дамыту, ойлау жүйесін жақсарту және қол моторикасын күшейту бағытында жұмыс істейді. Музыка маманы Айжанат Әбеннің айтуынша, ерекше балалар музыка арқылы эмоцияларын білдіріп, ішкі дүниесін ашады. «Музыкалық терапия балалардың өзіне деген сенімін арттырады», – дейді ол.
Сонымен қатар, орталықтағы ерте даму мамандары ерекше балалардың когнитивтік қабілеттерін дамытумен айналысады. Олар әр баламен жеке жұмыс жасап, оның қабылдау, есте сақтау және ойлау процестерін жақсартуға көмектеседі. Бұл балалардың болашақта өздігінен өмір сүруіне жол ашады.
Орталық тек балаларға ғана емес, олардың ата-аналарына да үлкен қолдау көрсетеді. Ерекше баланы тәрбиелеу – үлкен жауапкершілік пен сабырлықты талап ететін іс. Сондықтан ата-аналармен де жүйелі түрде жұмыс жүргізіледі. Оларға психологиялық кеңес беріледі, ерекше балаларды тәрбиелеудің әдістері үйретіледі.
Көптеген ата-аналар бұл орталықтың олардың өмірін жеңілдеткенін айтады. Мысалы, Гүлжан есімді ана өзінің ұлына мұнда ерекше назар аударылатынын және оның әлеуметтік ортаға бейімделіп жатқанын атап өтеді. «Балам мұнда келгелі ашық, белсенді болып, өзіне деген сенімі артты. Бұрын қорқыныштары көп еді, қазір біртіндеп өз бетінше әрекет етуге үйреніп келеді», – дейді ол.
Орталық басшылығы алдағы уақытта кеңірек ғимаратқа көшіп, қызмет түрлерін көбейтуді жоспарлап отыр. Себебі ерекше күтімді қажет ететін балалардың саны жыл сайын артып келеді. Бұл олардың өмірін жақсартып, қоғамға бейімделуін жеңілдетуге үлкен мүмкіндік болмақ.
Сонымен қатар, орталық басшылары демеушілермен жұмыс жасап, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған жаңа технологияларды енгізуді көздейді. Бұл бағытта VR-технологияларды пайдалану, арнайы робототехника сабақтарын қосу сияқты жобалар қарастырылуда. Осындай жаңашылдықтар балалардың дамуын жылдамдатып, олардың мүмкіндіктерін кеңейтеді.
«Парасат» орталығы – қоғамдағы ерекше жандарға қолдау көрсетудің жарқын үлгісі. Мұнда әрбір балаға ерекше назар аударылып, олардың болашағына үмітпен қарау үшін барлық жағдай жасалады. Ең бастысы, бұл мекеме ерекше жандарды тек көмекке мұқтаж жандар емес, қоғамның толыққанды мүшесі ретінде қабылдап, олардың әлеуетін ашуға атсалысып келеді.
Осындай бастамалар көбейіп, ерекше балалардың өмірі жақсара берсе, қоғам да ізгілене түспек. Әрбір бала – қоғамның бір бөлшегі, ал олардың дамуына қолдау көрсету – баршамыздың міндетіміз.
Олжас Әбдіхалық