Погода

+12
°
C
H: +16°
L: +
Алматы
Понедельник, 30 Май
Прогноз на неделю
Вс Вт Ср Чт Пт Сб
+13° +20° +23° +21° +22° +23°
+11° +12° +13° +13° +11° +13°

ҚҰСТАР-БІЗДІҢ ДОСЫМЫЗ!

Ақ тырналар аспанды боздатады. Сұқсыр көкек тоғайдан сұңқылдаса, Қай-қайдағы мұңымды қозғатады, – деп ақын Мұқағали Мақатаев жырлағандай, дүниені алуан түрге бөлеп, көңілдегі сезім пернелерін басып, қамшының сабындай қысқа ғұмырдың қызығын молайтар жаз келді. Жыл мезгілінің ғажабы – көктемнің қанатына ілесе, жыл құстары керуен көшін бастап бірге оралды. Күн жылынып, төңірек түгел жасыл көйлегін киініп, өрік, алма ағаштары гүл атқанда сізді таңғы ұйқыдан құстардың сазды әні оятады. Сиқыр үн жүрек сандығын ақтарып, көңіліңіздің терезесін сағыныш сазы қағып, шын мәнінде қайдағыны қозғайтыны бар…
07.03.2025
ҚҰСТАР-БІЗДІҢ ДОСЫМЫЗ!

Құстар — жылықанды омыртқалы жануарлар (омыртқасы бар жануарлар). Олардың қауырсындары жылуды сақтауға және ұшуға көмектеседі. Олар артқы екі аяқтарымен жүреді, ал алдыңғы аяқ-қолдары қанаттарға айналған. Құстардың барлығы жұмыртқа салады. Құстардың денелері жеңіл болғанымен, мықты және ұшуға ыңғайлы болады. Дегенмен ұшпайтын құстар да кездеседі.

Құстар 2 класс тармағына: бір ғана отряды бар кесірткеқұйрықтылар (жойылып кеткен) және 34 отрядқа бірігетін 9 мыңдай түрі (оның 28 отряды осы кезде де кездеседі) желпуішқұйрықтылар немесе нағыз құстар деп бөлінеді. Құстар Арктикадан Антарктика жағалауларына дейінгі барлық табиғи белдемдерде таралған.

Қазақстанда құстардың 18 отрядқа жататын 489 түрі бар. Оларды мекен ететін орындарына қарай орман, ашық дала, батпақты - шалшықты және су құстары деп те бөліп жатады. Алғашқы құстардың дене тұрқы 1,8 м-ге дейін жеткен, тістері жақсы жетілген, ұша алмаған. Тіссіз, жақсы ұшатын ихтиорнистер қазіргі құстарға өте жақын болған. Құстардың басқа омыртқалы жануарлардан айырмашылығы – олардың ауада ұша алатындығы. Атап айтқанда, алдыңғы аяғы қанатқа айналған, төс, сан және мойын бұлшық еттері жақсы жетілген, сүйектері жұқа, көбінің іші ауаға толы қуыс болғандықтан және бір-бірімен жіксіз тұтасатындықтан, қаңқасы жеңіл әрі берік. Құстарда тек құйымшақ безі ғана болады (ол су құстарында жақсы жетілген). Жүрегі 4 камералы. Зат алмасу процесінің тез және қарқынды жүруі – олардың ұшуына қажетті энергия бөлінуін және дене температурасының тұрақты әрі жоғары болуын (38 – 41°С) қамтамасыз етеді. Құс қанаты, қауырсыны ұшу, қозғалу құралы ғана емес, денедегі жылылықтың бірқалыпты болуын қамтамасыз етеді және шамадан тыс салқындаудан немесе қызып кетуден сақтайды. Ас қорыту органдары қоректі көп мөлшерде қабылдап, тез қорытуға бейімделген. Ұшу кезінде құстардан көп энергия бөлінетіндіктен, жоғары калориялы қоректі қажет етеді. Тыныс алу жүйесі ұшуға байланысты ерекше өзгеріске ұшыраған. Құстардың ішкі органдары мен бұлшық еттері арасында және тері астында жалпы көлемі өкпеден едәуір үлкен 9 – 10 ауа қапшықтары болады. Олар өкпемен кеңірдек арқылы байланысқан. Сондықтан құстар ұшу кезінде қанатын жайғанда кеуде қуысы кеңейіп, өкпеге енген ауа осы ауа қапшықтарына өтеді. Ал қанатын қомдағанда кеуде қуысы кішірейіп, ауа қапшығындағы ауа өкпе арқылы сыртқа шығады. Құстардың өкпесінде қан оттегімен екі рет (дем алған кезде және дем шығарған кезде де) тотығады. Оны қосарлы тыныс алу деп атайды. Бұл тек құстарға ғана тән қасиет. Құстардың жүйке жүйесі жақсы дамыған, миы үлкен, ми сыңарлары, көру орталығы, мишығы жақсы жетілген. Құстардың сезім органдарының дамуы әр түрлі. Тез ұшатын үкі, жапалақ, басқа да жыртқыш құстардың көзі жақсы жетілген. Иіс сезу көп құстарда жетілмеген, ал дыбыс есту қабілеттілігі жақсы дамыған. Құстардың көру және есту органдарының жақсы дамуы, олардың алыс және жақын кеңістіктерді игеруіне, мезгілімен қоныс аударып, түрішілік және түраралық қатынас жасауына әсер етіп, құс тіршілігінде маңызды рөл атқарады. Құстар 1-ден 20 – 25-ке дейін жұмыртқа салады. Оны 12 күннен 80 күнге дейін басады. Құстар өсімдіктерді тозаңдандырып, олардың тұқымдарын таратады, зиянды жәндіктер мен кемірушілерді құртып, олардың табиғаттағы санын реттеуге қатысады. Кейбір түрлері бау-бақшаға, егістікке зиянын тигізіп, әр түрлі жұқпалы, паразиттік аурулардың қоздырғыштарын таратады.

1868 ж. Вена қаласында (Aвстрия) алғаш рет құстарды қорғау туралы ресми шешім қабылданған. 1922 ж. Құстарды қорғаудың Халықаралық кеңесі құрылды. Халықаралық табиғат қорғау одағының “Қызыл кітабына” құстардың 209 түрі мен 83 түр тармағы, ал Қазақстанның “Қызыл кітабына” 56 түрі енгізілген.

 

Қазақ қасиет тұтқан киелі құстар:

Қазақ – жан-жануардың қасиетін көріп, құрметтей білген халық. Құстың киелісін, аңнын паңын танып, оған сый көрсеткен.

Қазақстанда 500-ден аса құстың түрі мекендейді екен. Олардың бірі – жыл құстары болса, бірі – жыртқыш, ал енді бірі – қысы-жазы қазақ даласынан шықпайтын жершіл құстар.

Қазақ киелі санаған құстарға келетін болсақ, онда ең алдымен қыран бүркіт ойға оралады. Халқымыз бүркітті кербез, паң, тәкаппар құс санайды. Құс патшасы бүркіт деп білген. Сондықтан аспанмен, көкпен теңеп, «дала  сермеңдесі», «көк тәңірісі», «мұзбалақ», «аспан перісі», «қанаттылар ханы» деп қастерлеген. Бүркітті ақиық, мұзбалақ, қараша, көктабан, шөгел, көк бүркіт, су бүркіт, дала бүркіт, тау бүркіті деп те атайды.

Қазақ тілінде «аққудың топшысындай», «аққудың үніндей», «аққудың көгілдіріндей», «аққудың мамығындай», «аққудың сылануындай» тәрізді сан алуан тұрақты сөз орамдары бар.

Аққуды сұлулық пен махаббаттың бейнесіне теңеген. Аққудың қасиеті де сол – махаббатқа беріктігі. Аққуды пәк, таза, құс төресіне балаған.

Халық аққудың кербездігі мен пәктігіне қызығып, оған арнап күй шығарған. Қобыздың күңіренген үні аққудың сұңқылы мен қанатының сыбдырын сездіріп, тыңдаған адамға тебіреніс сыйлайды.

Киелі құстардың бірі – қарлығаш. Жыл құсы саналатын қарлығаштың ұясын бұзбайды, балапанына тиіспейді. Қарлығаш ұя салған үй мен қораны киелі санайды. Қарлығаш елге оралғанда жақсылыққа балайды.

Тіпті, «Қарлығаш әулие» атанған Төле биден қалған мынандай аңыз бар. Ел ауған «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» кезінде Төле киіз үйін жықпай, қасиетті жұртын қимапты. Сонда жоңғар қолбасы Төле биден көшпей қалуының сырын сұрапты.

– Шаңырағыма бір бейкүнә қарлығаш салып еді. Ол – жер бетін топан суы басқанда Нұқ пайғамбардың кемесін сақтап қалған, адам баласын жылан шақпақ болғанда қызғыштай қорыған құс. Осындай киелі құстың ұясын бұзып, балапандарын зарлатып-сарнатып кете алмадым, – дейді дана Төле би.

«Бір ауыз сөзі мың ауыз сөзге татитын» Төленің ғажайып болмысын, әділ шешімін таныған жоңғар қолбасшысы:

– Шын әулиенің өзі екен, – деп өзіне де, еліне де көз алартпапты.

Қазақ құрмет тұтқан киелі құстардың тағы бірі – наурызек. Наурызек – наурыз айында ұшып келетін көктем құсы, торғай. Ел ішінде наурызкөк, наурыз торғай, жылқышы құс немесе көкқұс аталатын жұдырықтай ғана жыл құсы өкпек есіп, қар ери бастағанда өзгелердің алды болып ұшып келеді. Оны да ел-жұрт жаздың белгісі ретінде күтіп жүреді.

Оны алғаш көргендер «Наурызкөгім келдің бе?» деп шақырып, жем береді. Наурызекті ешкім қумайды, үркітпейді, оны бақыт құсы қатарына қосады. Ол келген соң күннің суығы сына бастайды, өте бір суық, боранды күндер болмайды.